Елордадағы LRT құрылысына төмен пайызбен несие алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы LRT құрылысына төмен пайызбен несие алынады

03.12.2021

Бас қаладағы құны 2 млрд долларға жуықтайтын LRT құрылысы қалай болғанда да аяқталатынға ұқсайды. Бірақ, нақты уақыты банктермен келісім шартқа қол қойғаннан кейін ғана белгілі болады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов арнайы брифингте мәлімдеді.

Бастаған жобаны аяқтауымыз керек. Брифингте бас қаланың әкімі осылай деді. Жобаға бағытталған қомақты қаржының қазір 347 млн доллары игерілген. Несие әу баста жоғары пайызбен қытайлық банктен алынған. Қазір қаржы үнемдеу мақсатында 3,25 пайызбен қарыз алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
Алғашқы келісіммен салыстырғанда 800 млн АҚШ долларын үнемдейтін боламыз. Ол енді уақытты талап етеді. 2020 жылы бұл жұмыс тоқтап қалды, пандемияға байланысты, банктер белсенділік танытқан жоқ.  Банкпен қол қойылғаннан кейін біз нақты мерзімін айтамыз. 

Бас қаладағы өзекті мәселелердің бірі – шаһарды газдандыру. Кешенді шаралар Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Әкім Алматы мен Сарырқа аудандарында 650 шақырым газ құбыры тартылған деді. Дегенмен, жақында бірқатар үйлер көгілдір отын болмай, көмір жағуға мәжбүр болған. Қала басшысы мұны инженерлік мәселелермен түсіндірді.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
Ауа райы күрт суып, немесе жылып, температура түсіп, көтеріліп жатқан кезде кондецат жиналады.  Газ тарататын орындарда кондицат жинайтын құрылғыларды салып жатырмыз. Жобалаушы компанияларды шақырдық. Осы мәселені шешу керек.  

Елорда әкімі жаңа жылдық шаралар Тәуелсіздік мерекесінен кейін ұйымдастырылатынын айтты. Қаланың бас шыршасы да осы кезде орнатылады. Оған қаржы қарастырылмаған. Әкім алаңға былтырғы шыршаны орнатамыз деді.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу