Ұлттық өнерді өрге сүйреп жүрген жан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық өнерді өрге сүйреп жүрген жан

07.03.2014
Ұлттық өнерді өрге сүйреп жүрген жан
Жүн түтіп, киіз басу. Қазақтың қанына біткен осы өнер, қазіргі кезде кенже қалып келеді. Ұсақ-түйегі жетіп артылатын бұл іске келгенде көп сұлудың төзімділігі сыр беріп жатады.
 
Десе де, қиын өнердің суығына тоңып, ыстығына күйіп жүрген қыз-келіншектер азда болса баршылық. Солардың бірі - астаналық суретші Зәмзәгүл Оралбаева. Оның жүн түтіп, киіз басып жүргеніне бақандай 15 жыл болды.
 
Зәмзәгүл Оралбаеваның жұмыс бөлмесі осы. Таңнан кеш батқанға дейін жүн түтеді. Оны шиге салып бастырады. Көбіне көлемді емес, кәдесыйға лайықтап, шағын етіп жасайды. Кейбіреуіне екі айдай уақыт кетсе, енді біріне екі аптасын арнайды. Ал мынаны 15 минутта жасап шықты. Қолөнершінің ендігі арманы - ұлттық өнерді Астана маңындағы ауылдарда дамыту.
 
Зәмзәгүл Оралбаева, суретші:
Ауылды жерлерде ресурс орталықтарын ашсақ деген ойымыз бар. Ол не үшін керек? Сол ресурс орталықтарында қойдың жүнін қабылдап, сол ауылдағы қыз-келіншектерге жүн түту мен оны пайдалануды және киіз басуды үйретсек деген мақсатымыз бар.
 
Суретші еңбегін елге көрсету үшін көрмелерге жиі қатысады. Қазір Тәуелсіздік сарайында Зәмзәгүл Ниетжанқызының 15 жұмысы ілулі тұр.
 
«Адам. Табиғат. Өмір» атты көрме наурыздың соңына дейін жалғасады. Бір ерекшелігі киіз бетіндегі бейнелерді табиғаттан алады. Дәстүрлі ою-өрнектерді көп қолдана бермейді. Ең бастысы - көрме келушілердің көңілінен шықты.
 
Төлеутай Махметұлы, көрмеге келуші:
Қазақтың киіз басу техникасы қазір музейдегі экспонат ретінде ғана қолданылатын болса, Зәмзәгүл баламыздың бүгінгі туындылары керісінше көптің көңілінен шығып жатыр.
 
Кейіпкеріміздің айтуынша, киіз бұйымдарына деген сұраныс өте төмен. Қолдау да жеткілікті емес. Бірақ, ЕХРО кезінде төл өнеріміздің төрге озатынына сенімді. Өйткені мәдениетіміз бен ұлттық өнерімізді дәріптейтін уақыт нақ сол кез. Қазірдің өзінде шетелдіктердің қызығушылығы жоғары.
 
Зәмзәгүл Оралбаева, суретші:
Біздің мақсатымыз осы өнерді дамыту. Осы өнерді қайтсек те әлемдік деңгейге жеткізу.
 
Зәмзәгүл Оралбаеваны қазақ қыздарының жүн сабап, сырмақ тоқуға құлықсыздығы қынжылтады. Оның ендігі мақсаты жеткіншіктерді киіз басуға баулып, өлместің күнін кешкен өнерді өміршең ету.
 
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу