Ұлттық арнада - тарихи туындылар керуені - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнада - тарихи туындылар керуені

02.12.2021

Қазақ киносының қоржыны 6 бірдей тарихи телехикаямен толықты.«Қазақстан» Ұлттық арнасы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көрермендер назарына тағылымы мол туындыларды ұсынбақ. Жәңгір хан, Домалақ ана, Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмабек Тәшенев, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев сынды ұлттың ардақты тұлғаларының өмірі мен қилы тағдыры, сол замандағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі шытырман оқиғалар желісімен көрсетілмек. Бастысы бұл сериалдар тарихи дәйектерге негізделіп түсірілген.

Ұлттық арна кино қоржынына үлкен олжа салды. Ұлан-ғайыр елдің ұлы тұлғаларын танытатын телехикаялар түсірді. 1 жылда 6 бірдей туынды. Яғни, 6 алып, 6 тағдыр және 6 дәуір. Бұрын соңды бұл салада мұндай көлемде тұсау кесер өтпеген.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Бұл жерде сырттан келген ештеңе жоқ. Бұл біздің нақты өміріміз, тарихымыз. Мұның ішінде қазақ баласының басынан өткен қиын кезеңдерде бар. 30 жылдың ішінде қазақтың рухын да, намысын да, тілінің де, ділінің де өскенін ел көрді. Бүгінгі туындылар да Тәуелсіздіктің нәтижесі деп есептеймін.
Елде телехикая индустриясы қалыптасып келеді. Осы ретте 6 сериал да саланың дамуына серпін берері сөзсіз.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Соңғы 5 жылдың ішінде 3500-ден астам бөлімнен тұратын 250-ге жуық сериал түсірілді. Оның 50-ден астамы Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне сатылды. Осыдан 10 жыл бұрын сериал дайындайтын продакшн-компаниялар саусақпен санарлық болса, бүгінде бұл салада бәсеке жоғары. 
Ұлттық арна ұлт мүддесінен шығуға бейіл. Жыл сайын қазақ руханиятының қабырғалы азаматтарын көрерменмен қауыштыруда. Әрине, көптің әділ бағасын қабылдаймыз. Себебі, сын түзелмей, мін түзелмейді. Оның үстіне, мұратымыз өскелең өренге өнеге беру,-дейді «Қазақстан» телерадио корпорациясының төрайымы.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы:
Қазір жастарды көбінесе сериал немесе киноконтент қызықтырады. Сондықтан біздің мақсатымыз - осындай туындылар арқылы жастардың санасына тарихтағы тау тұлғаларымыздың өмірін, ұлтқа жасаған қызметін, ерен еңбегін сіңіру.
Әр телехикаяның терең мазмұны бар. Мысалы Кеңестік кезеңнің сұрқия саясаты Жәңгір ханды көпшілікке жауыз басшы ретінде көрсетті. Алайда, енді көрермендер ханның шынайы бейнесін тани алады. Сондай-ақ алаштың біртуар азаматы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев пен отбасының ұйытқысы, қазақ әйелі мен ана орразының жарқын үлгісі Домалақ ана да бар. Тоқ етері әр бірі тау тұлға. Тек көру керек.
Сағила Нұрланова, ҚР Ұлттық архивінің директоры:
Қаныш Сәтпаев -  ғылым мен білімге нәр берген адам. Жұмабек Тәшенов - қазақ жерінің шекарасын қорғаған тұлға. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов ана тілінің реформаторы болған.
Тұлғасына қарап ұлтын таниды деген бар. Толстойға қарап орысты, Абайға қарап қазақты аңғарамыз. Сол сияқты аталған 6 тарихи бейне де қазақтың мерейін асырып, еңсесін көтерді. Әсіресе, жаһанданған заманда өшкенді жаңғыртудың маңызы зор.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Оқырман азайған, көрермен көбейген кездегі киноның рөлі ерекше. Тарихи тұлғаларды ашып көрсету арқылы ұрпаққа тәрбие бере аламыз. Оның ішінде әсіресе, киноның жөні бөлек. 

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Әрбір тұлғаға бір-бір фильмнен арнаған күннің өзінде біз қазақтың ұлттық бір бейнесін жасаймыз. Сондықтан Ұлттық арнаның бүгінгі тұсаукесері маңызды шара деп есептеймін.  
Тұтас ұлттың тағдыры үшін күреспен өткен дара ғұмырлар туралы туындылар бұнымен шектелмейді. Келер жылы «Қазақстан» корпорациясы Әлихан Бөкейханов, Дина Нұрпейісова, Мағжан Жұмабаевтар туралы сериал түсіруді жоспарлап отыр. Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романына негізделген телехикая да жарық көруі мүмкін. Түрік бауырлармен «Қорқыт ата» бірлескен жобасы да қолға алынды. Телехикаялар 16 желтоқсаннан бастап «Қазақстан» және «Абай» телеарналарында көрсетіледі.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу