Мемлекет басшысы Швейцария президентімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Швейцария президентімен кездесті

30.11.2021

Қазақстанда швейцариялық компаниялармен бірлескен бірнеше зауыт ашылады. Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында бірқатар келісімге қол қойылды. Олардың арасында вагон шығаратын кәсіпорын бар. Мемлекет басшысы Швейцария президентімен келіссөз жүргізіп, елдер арасындағы байланысты дамыту тетіктерін талқылады.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Мемлекет басшысы таңнан бері 6 шараға қатысты. Ал Президентті ресми қарсы алу салтанаты енді басталып жатыр. Дәл қазір Женевада сағат кешкі 19:00. Швейцария Конфедерациясының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты үлкен құрметпен қарсы алуда.

Әулие Петрдің Кафедралды соборы. Женеваның басты көрікті орындарының бірі. Қазақ Президентін күтіп алуға дайындық тыңғылықты жүргені көрініп-ақ тұр. Бәрі рет-ретімен...

Президенттер Швейцарияның туына құрмет көрсетті. Салтанатты рәсімдерден кейін мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді. Екі ел арасындағы байланыс бекем. Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторларының бірі - осы Швейцария. Бүгінге дейін біздің экономикаға 30 млрд доллар құйды.

Былтыр қазақ-швейцар тауар айналымының көрсеткіші 1,76 млрд долларды көрсетті. Екі жақ та бұл цирфды ұлғайтуға мүдделі. Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы салаларындағы ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективаларын жан-жақты талқылады.

Келіссөз қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар үкіметаралық және коммерциялық келісімге қол қойылды. Демек жақында біздің нарыққа әлемдік танымал компаниялар келеді. Айталық, жолаушыларға вагонын шығаратын зауыт ашылмақ. Өйткені қазір қолданыстағылардың дені ескірген.

Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасы:

Вагондардың жағдайын біз білеміз. Әрбір қазақстандық жүреді. Бұрыннан бері келе жатқан вагондар бар бізде. Өзімізде шығарсақ, бір күнде болмаса да, біртіндеп жаңартылады. Бұл - әлемде ең жоғары сапалы вагондардың бірі.

Келіссөздер аяқталған соң екі ел президенттері Берн тарихи музейін аралады. Анри Мозер топтамасындағы XIX ғасырдың қолөнер туындыларын тамашалады. Мұнда қазақтың барқыттан жасалған тұскілемі бар. Бұл автордан қалған құнды жәдігерлердің бірі. Оны қазақ сұлтаны Баймұхаммед XIX ғасырда швейцариялық дипломатқа тарту еткен. Мемлекет басшысы тұскілемнің бірегейлігіна және оның тарихи құндылығын басымдық берді. Әрі болашақта Қазақстанда көрмеге қойылатынына сенім білдірді.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу