Түркістан облысында соңғы бес жылда жылыжай көлемі 7 есеге өсті. Соның арқасында диқандар қазір жыл он екі ай бойы өнімді сыртқа экспорттайтын болды. Тиімді кәсіптің кең өріс алуы диқанның табысын еселеп қана қоймай, аймақта жұмыссыздықты азайтты.
Сарыағашта ең алғашқылардың бірі болып жылыжай салғандардың бірі - Тойлыбай Еспаев. Он бес жыл бұрын үйінің ауласынан шағын ғана жылыжай тұрғызған-ды. Үлкейте келе қазір аумағы 1 гектарға жетті. Қазір осы жерден жылына 80 тонна өнім алады.
Тойлыбай Еспаев, диқан:
Осы жерде 10 отбасы жұмыс жасап жатыр. Айына кем дегенде 70-75 мың теңге табыс тауып отыр.
Бүгінде Сарыағаш ауданында 700 гектардан артық жылыжай бар. 13 мыңнан астам азамат диқандық кәсіппен несібе айырып келеді. Олар былтырдан бері қызанақ пен қиярдан бөлек, кәді, құлпынай, болгар бұрышын да жабық алқапта өсіре бастады.
Мирас Есіркепов, диқан:
Биыл бірінші рет егіп тұрмыз. 70 соток жерге. Айырмасы помидор мен қиярға қарағанда көп баптамайды екен. Жұмыс күшін аз қажет етеді. Уақтылы дәрі-дәрмегін , суын беріп тұрса жеткілікті екен.
Аймақта жылыжай шаруашылығының жылдам дамуына үкіметтің қаржылай қолдауы үлкен себеп болды. Соның нәтижесінде жылыжай көлемі бас-аяғы бес жылдың ішінде 7 есеге өсті. Бүгінде сарыағаштық диқандар еліміздің барлық аймағына, тіпті көпшілес елдерге дейін жыл он екі ай көкөніс жібереді.
Шермат Ибрагимов, Сарыағаш ауданы фермерлер қауымдастығының төрағасы:
Жалпы бүгінгі таңда 130 мың тоннаға жетіп отыр. Оның 25-30 пайызы Ресей мемлекетіне экспортталуда.
Жылыжай шаруашылығының өрістеуі шағын өндірістің дамуына да себепкер болды. Іргелес Келес ауданында жылыжайға қажетті бұйымдар мен полиэтилен жабындарын шығаратын цех тұрақты жұмыс істеп келеді. Шаруалар бұған дейін мұндай керек-жарақты көрші Өзбекстаннан, Қытай мен Ираннан сатып алатын.