Мемлекеттік кірістер комитеті желіде тараған мобильді аударымдарды жаппай бақылауға қатысты түсініктеме берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік кірістер комитеті желіде тараған мобильді аударымдарды жаппай бақылауға қатысты түсініктеме берді

29.11.2021
Мемлекеттік кірістер комитеті желіде тараған мобильді аударымдарды жаппай бақылауға қатысты түсініктеме берді

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлікпен, оның ішінде жеке тасымалдаумен айналысатын адамдардың мобильді аударымдарын жаппай бақылау туралы желіде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

«Бизнес субъектілеріне салық салу барынша оңайлатылған. Такси жүргізушілері патент негізінде арнайы салық режимін қолдана алады. Ол бойынша мөлшерлеме жалпы кірістің тек 1%-ын құрайды. Мысалы, егер кіріс 300 мың теңгені құраса, онда салық айына 3 мың теңге болады», - делінген хабарламада.

Бұл ретте кассалық аппаратты сатып алу міндетті емес, онлайн кассалық аппараттардың бірнеше тегін мобильді нұсқасы бар.

Келесі жылдан бастап «e-Salyk Business» мобильді қосымшасын пайдалана отырып жүргізілетін арнаулы салық режимі енгізіледі.

Осы қосымшада жеке кәсіпкер тіркелуге, салық салу режимін таңдауға болады. Сондай-ақ қосымша кассалық аппарат ретінде пайдаланылуы мүмкін. Салықтар мен төлемдерді осы қосымша арқылы төлеуге болады.

Сонымен қатар, мемлекет шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жеке кәсіпкерлерді 2023 жылға дейін кірісінен салық төлеуден босатып, тексеру жүргізуге мораторий жариялады.

«Осыған байланысты кәсіпкерлерді заңды бизнес жүргізуге, нақты кірістерді көрсетуге шақырамыз. Бұл жалпыға бірдей декларациялауды енгізу қарсаңында өзекті болып отыр», - делінген Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан хабарламада.


Хабарламаларға жазылу