Елімізде мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын арнайы комиссия құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын арнайы комиссия құрылады

26.11.2021

Елімізде мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын арнайы комиссия құрылады. Бұл туралы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркістанда өткен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайында айтылды. Алқалы жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысып, қоғамның жаңа басшылығы мен Орталық Кеңесінің жаңа құрамы сайланды. Тілшіміз тарқатсын.

Елімізде қазақ тілін үйретудің ортақ мемлекеттік тұжырымдамасы дайындалып жатыр. Негізгі мақсат – үздіксіз білім беру модульі арқылы мектептен бастап, ересек адамдарға дейін тіл үйретудің сапасын арттыру. Бұл жоба мемлекеттік тілді үйретудің еліміздегі алғашқы қадамы саналады. Сондай-ақ, ана тіліміздің қолдану аясын одан әрі кеңейтіп, қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы күшейтілмек. Өңірлердегі филиалдарын кеңейтіп, материалдық базалары нығайтылады.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Саяси партиялар мен мемлекеттік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқарып, ықпалды ұйымға айналуы керек. Латын графикасына ауысу аясында қоғамдық қолдау жұмыстарын жүргізуі тиіс. Сонымен бірге халықаралық қазақ тілі қоғамы – тіл тақырыбынан бөлек, ұлттық жаңғыру, рухани дамыту, ұлттық мүдде, ұлттық намыс мәселесі бойынша да жұмыс жүргізуі керек деп есептейміз.

Бұған қоса электрондық ресурстарын дамтыуға да басымдық берілмек. Сондай-ақ, халдықаралық ұйымның орталық кеңсесі келешекте Елордаға көшіріледі. Құрылтайда «Қазақ тілі» қоғамының атқарған жұмысы бойынша Орталық кеңесінің есебі тыңдалып, делегаттар өз ұсынып пікірлерін ортаға салды.

Сайын Назарбекұлы, «Ұлт анасы – қазақ тілі» қоғамдық қорының негізін қалаушы:
Бірінші орынға қазақ тілін шығару керек. Жұмысқа жүретін болса да, шетелге баратын болса да, не болмаса басқа лауызымға көтерілетін болса әуелі оның қазақ тілінің жобасын, өзінің қазақи болмысын байқау керек. Тек қана сол кезде қазақ тіліміз өркендей бастайды.

Сондай-ақ жиында қоғамның жаңа бағдарламасы мен жарғысы қабылданды. Делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы сайланды.

Айнұр Ақбаева 

Хабарламаларға жазылу