Санкт-Петербургте ТМД Парламентаралық Ассамблеясының отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санкт-Петербургте ТМД Парламентаралық Ассамблеясының отырысы өтті

26.11.2021

Пандемиядан кейінгі даму, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мәселелері Санкт-Петербургте өткен ТМД Парламентаралық Ассамблеясының отырысында талқыланды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ассамблея кеңесінің келесі отырысын Алматы қаласында өткізу ұсынысын қолдаған әріптестеріне алғыс білдірді. Індетпен бірлесе күресіп, әлемдік экономиканы дағдарыстан аман алып қалу үшін ортақ ұйымның қажеттігін атап өтті. Осы орайда Сенат спикері серіктес мемлекеттерді Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру жөніндегі Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ жанынан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтерді. Бұл құрылым коронавирус пандемиясы тәрізді дағдарыстарға жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдауды көздейді. Одан бөлек, Агенттік тарапынан адамзатқа төнетін сын-қатерлер мен қауіптердің жаңа түрлеріне қарсы тұруға ықпал етуге мүмкіндік туады. Қазір барлық мүдделі тараптармен практикалық консультациялық жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар жоғары палата төрағасы екіжақты кездесулер өткізді. Өзбекстандық әріптесімен екі елдің парламентаралық байланыстарын талқылады. Ал Ресей Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесуде трансшекаралық өзендер мәселесін пысықтады. Мәулен Әшімбаев Мәскеу қаласына жұмыс сапары кезінде Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кириллмен кездесті. Орыс Православ Шіркеуінің басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың келер жылы қыркүйекте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне шақыру хатын табыстады.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу