Қанат Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қанат Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды

24.11.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алматы облысының әкімі болып Қанат Бозымбаев тағайындалды.

Облыстық мәслихат депутаттарының келісімінен кейін өңір активіне Қанат Бозымбаевты Президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов таныстырды.

Қанат Бозымбаев 1969 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қызметтік жолын экономист болып бастаған ол екі өңірде әкім болды. 2016-2019 жылдар аралығында ҚР Энергетика министрі қызметін атқарды. 2019 жылдан осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болды. Президент Әкімшілігінің басшысы Жетісу өңірін 7 жылдан астам басқарған Амандық Баталовтың ерен еңбегін атап өтіп, облыстың әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан үлесін тілге тиек етті.

Ерлан Қошанов, ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы:

Мемлекет басшысы Амандық Ғаббасұлының қызметін өте жоғары бағалап отыр. Және өзінің үлкен алғысын білдіруді маған тапсырды. Енді Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Қанат Алдабергенұлын барлығыңыз жақсы білесіздер. Осы өңірдің тумасы. Аймақ басқарудағы тәжірбиесі мол. Жамбыл мен Павлодар облыстарының әкімі болды, өздеріңіз білесіздер. «KEGOC» компаниясы мен «Самұрық» мемлекеттік холдингін басқарды. Энергетика министрі болып көп жыл ойдағыдай қызмет атқарды. 


Хабарламаларға жазылу