Алдағы 4 жылда 3561 ауылдың инфрақұрылымын кешенді жаңғырту мақсатында 1,3 трлн теңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы 4 жылда 3561 ауылдың инфрақұрылымын кешенді жаңғырту мақсатында 1,3 трлн теңге бөлінеді

21.11.2021

Премьер-министр Асқар Мамин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездескен – экономика мен әлеуметтік саясат туралы айтқан. Мысалы, болашағы бар 3561 ауылдың тізімі жасалған. Алдағы 4 жылда сол ауылдардың инфрақұрылымын кешенді жаңғырту мақсатында 1,3 трлн теңге бөлінеді екен. Үкімет басшысы берген ақпарды Нысаналы Ығыл баяндайды. 

Пандемиядан есеңгіреп шыққан ел ес жиып келеді. Дағдарысқа қарсы шаралар да нәтижесін бере бастаған. Халықаралық қаржы институттарының болжамынша жыл аяғына дейін экономика 4%-ға, ал келер жылы 4,5%-ға дейін артады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
10 айдың көрсеткіштері бойынша 3,5 пайыз экономикамыз өсті. Негізгі драйверлер өңдеуші өнеркәсібі. Құрылыс саласы 7,6 пайыз өсім тіркелді. Қызмет көрсету саласы пандемияда шектеулер болды. Бірақ, биыл 3,4 пайыз өсім тіркелді. Шетелдік инвестициялар 34 пайызға өсіп отыр.

Ұжымдық имунитет қалыптастырмай экономиканы қалпына келтіру қиынға соғады. Ковид тарап, қатаң шектеулер көбейген кезде шағын-орта бизнестің берекесі кеткені мәлім. Қазір вакциналау қарқын алды. Қызмет көрсету саласы қайта жанданып келеді. Республикада тұрақты эпидемиологиялық жағдай сақталып отыр. 8,53 млн адам екпенің бірінші компонентін, екіншісін 7,8 млн тұрғын салдырды. Екпе еге бойынша ТМД аясында еліміз бірінші орынға шыққан.

Ақпарат өкілдері жұмыспен қамту жайын да сұрады. Демографиялық үрдістер ескеріліп, 2025 жылға дейін еңбек ресурсы балансы әзірленген.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Осы баланс бойынша жыл сайын еңбек нарығына 475 мың жұмыс күші шығады. Сол баланс бойынша 390 мың күш қысқартылады жыл сайын. Ұлттық жоба әзірлеген бойынша 2 млн жұмыс орнын ашу керек 5 жылда.

2030 жылға қарай баламалы қуат көзінің үлесі 3-тен 15%-ға, ал, газ генерациясынан алынатын энергия үлесі 20-дан 40%-ға дейін артады. Тиісінші көмірден бірте-бірте арылу көзделген. Қазіргі 70 проценттен 40%-ға кемиді. Жеке инвестициялар есебінен гидроэнергетика және газ станциялары да салынады. Цифрландыруда да жылжу бар. Мысалы, платформалық модельге көшу арқылы мемлекеттік органдардың 400-ден астам ақпараттық жүйесі стандартталады. Ауқымды жоспарлар ауылдарға да қатысты болуы керек. Әңгіме аграрлық экономикаға жеткілікті мән беру туралы. Жоспар бар: 4 жарым трлн теңге қаралып, мыңға жуық жоба іске асырылмақ. Сөйтіп еңбек өнімділігін 2 жарым есе, қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға арттыру мұраты тұр. 1 млн ауыл тұрғынының табысын молайтып, 500 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Сонымен бірге әлеуетті 3561 ауыл анықталды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
 Келесі жылдарда біздің жоспарымыз бойынша барлық бағдарламаны санасақ 1,3 трлн теңге көзделген. Менің ойымша 5 жылда 3500 мыңнан аса ауыл жаңғыртудан өтеді.

Сондай-ақ 5 жылда 1000 мектеп салынады. Биыл 300-ден аса жаңа білім ордасы ашылады. Ал, туризм бағытын дамыту бойынша қомақты қаржы құйылып жатыр. Негізгі капиталға былтыр 614,7 млрд теңге инвестиция тартылды. 2019 жылмен салыстырғанда 30%-ға көп. Жалпы, 30 жылда елдің жалпы ішкі өнімі 11 млрд доллардан 189 млрд долларға жуықтады. Тікелей шетелдік инвестициялар 380 млрд АҚШ долларынан асса, тауар айналымы 94 млрд долларға өсті.

Нысаналы Ығыл 


Хабарламаларға жазылу