Ауыл шаруашылығындағы субсидиялар желге ұшып жатыр - Марат Ахметжанов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығындағы субсидиялар желге ұшып жатыр - Марат Ахметжанов

21.11.2021

Бүгін Агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлерінің күні. Қамбасы астыққа толы, қорадағы малы күйлі болса, неге қуанбасқа. Бірақ қуанатындар көп емес-ау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы М.Ахметжановтың азаматтық форум аясында айтқанынан үзінді келтірсек: Ауыл шаруашылығындағы субсидиялар желге ұшып жатыр. Ал соңғы бес жылда субсидияларға 2 трлн-нан көп теңге бөлінген. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер не ғылыми, не экономикалық негіздемелерсіз бюджеттен ақша алуға өтінішті бұрқыратып бере берген.

Бірақ қанша қарапайым шаруа адамы 2 трлн-ның рахатын көрді екен? Көп емес-ау. Керісінше, тамыр-таныссыз, парасыз субсидияға қол жеткізу мүмкін емес деген сөзді Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы да естіпті. Мұның соңы азаматтардың мемлекетке деген сенімін күл-талқан етеді дегенді жоғары атқарушы билік өкілінің өзі айтып отыр. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы саласында мыңға жуық қылмыс тіркеліп, 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Субсидияларды жымқыру схемасы бірдей, бірақ нормативтік актілер жемқорлық тәуекелдерімен шырмалған дейді Ахметжанов. Рас, шаруалар шаршаған.

Осы аптада бірнеше облыстың фермерлері Ақтөбеге жиналды. Бейбіт шеру өткізуге билік рұқсат беріпті. Көтерген мәселесі көп, өте көп. Сол субсидия бағдарламаларына өзгеріс енгізуді сұрайды. Фермерлер қаржыға шағын және орта шаруашылықтардың қолы жетпей отырғанына наразы.

Солардың сөзін сөйлеу керектерді пара алуды ғана біледі деп ойласа керек, «үнімізге құлақ түріңдер» деп өздері шыққан шаруаларды Жақсыбек Кемал тыңдады.

Бұл Ақтөбе облысындағы Батырбек Шәуленовтің шаруашылығы. Ол 4 жыл бұрын ферма ашып, бүкіл қаржысын осында құйған. Алайда, мемлекеттен субсидия алып, ісімді одан әрі дамытамын деген үміті ақталмады. Өйткені әр аналық сиырға берілетін қаржы аз, ал жылқы мен қойға тіпті қарастырылмаған.

Батырбек Шәуленов, шаруа қожалығының иесі:
Шамалы сүт сауып, осы Ақтөбенің айналасындағы, қалаға жеткізіп отырмыз .Бірақ, мысалы, бір сиырға 30 мың берілетін болса, үлкен шаруашылықтарға 120 мыңға дейін беріледі. Оған біз наразы болдық, қарсы болдық. Солай тоқтату мәселесі көп көтерілді. Оған қайсысы болсын, бәріне бірдей көзқарас болуы керек деп есептейміз.

Бұл күндері субсидияға қолы жеткендердің айы оңынан туып тұр деуге де келмейді. Себебі, өзен-көлдердің тартылып кетуі, мал азығының болмауы мал өсіріп отырған ағайынды алқымнан алып тұр.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Биылғы қуаңшылық Ақтөбе облысында да көптеген шаруашылыққа зардабын тигізді. Жем-шөп бағасының аспандап кетуі де жығылғанға жұдырық болып тұр. Сондықтан шаруалар жағдай осылай жалғаса берсе көп ұзамай таяқ ұстап қаламыз ба деп алаңдайды.

Фермерлер қазіргі уақытта малшы табудың да үлкен мәселе екенін алға тартады. Ал, үлкен жалақы беруге екінің бірінің жағдайы келмейді. Сондықтан биліктегілер осы жағдайды да назарға алса деген тілектері бар.

Батырбек Шәуленов, шаруа қожалығының иесі:
Қуаңшылыққа байланысты, әрі шөптің аздығы, жемнің қымбатшылығы – бәрі соққы болып тиіп жатыр. Жұмыссыздыққа ақша бөліп жатыр ғой, сол ақшаны осы мал шаруашылығында істейтін адамдарға байланыстырып берсе.

Осындай қордаланған мәселелер мал өсірумен айналысатын жандарды тыныш отырғызбады. Олар осы аптада Ақтөбеде әкімдіктен рұқсат алып, бейбіт митинг өткізді. Шараға Қарағанды, Батыс Қазақстан, облыстарынан да фермерлер арнайы келді. Жиналғандардың тілегі бір – биліктегілер салаға айрықша көңіл бөлсе дейді. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған 5 жылға арналған Ұлттық жобаны қайта қарауды сұрайды.

Талғат Байкенов, шаруа қожалығының төрағасы, Батыс Қазақстан облысы:
 5 жылдық жобаны шаруалармен талқыламай министрліктің жоба жазуы, ең бірінші талабымыз сол, ол кабинетте жазылып жатыр.Шаруа қожалықтарымен қатынасы жоқ. Анда-мында кетпейтіндей нақты шаруа қожалықтарының өздеріне тиесілі берілген субсидияны ауыл шаруашылығын дамытуға берілуі керек.

Шаруалар субсидия бағдарламаларына өзгеріс енгізіп, түрлі салаға бірдей төлеуді қарастыру қажет дейді. Фермерлер қаржыға шағын және орта шаруашылықтардың қолы жетпей отырғанына наразы. Мәселен, Ақтөбе облысында ірілі-ұсақты 8 мыңдай шаруашылық болса, соңғы екі жылда оның 2 мыңдайы ғана қолдау көрген. Басқа облыстарда көрсеткіш тіпті төмен.

Қуаныш Түсіпов,  Қарағанды облысы «Ұлытау» фермерлер қауымдастығының төрағасы:
Бізге биыл ғана бөлінді жем-шөпке субсидия.Оның ішінде не жылқы, не қой малы да жоқ. Тек ірі қараға. Барлық бөлінген ақшасы 200 млн. Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы бойынша 1200 шаруа қожалығы бар, енді 200 млн 5 мың теңгеден шығады бір малға. Бөлінген ашқаның өзін алуға зар болып жүр ғой. Қазір қар түсті, әлі ақша берілер емес.

Фермерлер лизинг және несиелердің үстемесін 5-6 пайыздан асырмауды, Мемлекеттен бөлінетін қаражатты тікелей Қаржы институттарына төлеуді сұрады. Сондай-ақ, Министрліктің және «Бәйтерек» ұлттық холдингінің қоғамдық кеңесіне әр облыстан фермерлерді қосу керек дейді. Өйткені, шаруаның жайын шаруа ғана жақсы біледі.

Марлен Баймағамбетов, «Ақтөбе фермерлер орталығы» қауымдастығының төрағасы:
Ұлттық жобада да қолдауды тек үлкен 7 экосистема дейді, соларға береді. Жалпы, бізге қажеттілігі 90 пайыз халық күнкөріп отырған төрт түлік малымызды олар ескермей отыр. Мысалы, 2012 жылы солярка бір литрі 50 теңге болды, қазір 250 теңге. Трактор МТЗ 82 2,5 млн болды, қазір 10 млн.

Ел ішінде асыл тұқымды малды сатып алған кезде төленетін субсидияны шет елден әкелінген малға берілетін көмек қаржымен теңестіру қажет. Бұл да Ақтөбеде бас қосқан фермерлердің ортақ талабы. Сондай-ақ, көкөніс, картоп пен бір жылдық және көпжылдық егістікке төленетін демеу қаржыны қайта төлеуді де сұрады.

Шаруалар мал шаруашылығын қолдауға бағытталған бағдарламалардың кемшіліктері көп екеніне де наразы. Әсіресе, аймақтардағы фермерлер портал арқылы өтініш бергенде интернеттің әлсіздігінен тіпті, мүлде болмауынан игіліктерден қағылып отыр.

Мәселе өте көп: шаруаларды жанармай бағасы да алаңдатып отыр. Отандық техниканың бағасына бақылау болса деген де тілек бар.

Фермерлердің талап-тілегін тыңдауға жергілікті билік өкілдері де келген. Айтуларынша, соңғы екі жылда Ақтөбе әкімдігі мал азығына субсидия бере бастады. Осы үрдіс басқа өңірлерде де жалғасса дейді. Дегенмен, мәселе жергілікті жерде емес, үкіметтік деңгейде шешілуі тиіс.

Панабек Бимұратов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Жергілікті атқарушы органға тіреліп тұрған 1-2 сұрағымыз бар, біз оны шешіп жатырмыз.Қолымыздан келгенше. Негізгі сұрақтың көбі Үкіметке, Ауыл шаруашылығы министрлігіне. Енді алдағы уақытта АШМ өздерінің ұсыныстарын айтатын болар.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақтөбедегі бейбіт шеруде көтерілген мәселелерге қатысты жазбаша түсініктеме берді. Ведомство өкілдері алдағы жылы субсидиялаудың ақпараттық жүйесі енгізілетінін жеткізген. Яғни шаруалар әуреге салған қаптаған бағдарламалардан құтылатын сияқты. Бұл қызмет ақысыз. Министрлік Ақтөбеде шаруалар көтерген ұсыныстар мен ескертулер назарға алынады депті. Белсенді шаруалар назарға алынғанын ғана емес, өзгеріс бола ма, жоқ па - бақылап отырмақ. Олардың бұрынғыдай күңкілдіп қоя салмайтыны байқалады.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу