Қазақстан экономикасы қалпына келе бастады. Пандемия мен сыртқы қысымдарды еңсеруге елдің инфляцияға қарсы саясаты дұрыс жүргізілген. Бұл туралы Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссия өкілдері айтты. Олар ақша-несие және салықтық бюджет ұйғарымдарының да пайдасы болғанын айтады.
Жаһандық инфляция жақсаруда. Қымбатшылық қыспағынан шығуға ұмтылған Ұлттық банктің ұстанымы ұтымды. Қазақстанда 2 апта бойы қаржылық органдармен кеңес өткізген Халықаралық валюта қорының пайымы осы. Сарапшылар ақша-кредит саясатын жүргізудегі тәсілдерге оң баға берді.
Николя Бланше, Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссия басшысы:Жуырда экономика қайта қалпына келе бастайды. Себебі ұлттық экономиканың тез қалпына келуі фискалдық ынталандыру бағдарламалары мен жеңіл ақша-несие талаптарының нәтижелігіне байланысты. Соған қарай, біздің ойымызша, Қазақстандағы инфляция 8,5 пайызға түседі. Келер жылдың екінші жартысында бұдан да төмендеуі керек.
Орталық банк соңғы айларда базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтерген болатын. Халықаралық валюта қоры миссия өкілдері бұл шешімнің орынды болғанын айтады. Осылайша биыл қыркүйектен бастап инфляцияға төтеп беру шаралар кешені бекітілді. Бұл 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізіне кіруге мүмкіндік бермек. Ал 2026 жылға қарай 3-4%-ға дейін тұрақтандыру күтіліп отыр.
Николя Бланше, Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссия басшысы:Ковид пандемиясы мен мың құбылған мұнай бағасының төңірегіндегі өзгерістерді Қазақстан еңсере алды деуге болады. Өйткені былтыр ел экономикасы 2,5%-ға төмендесе, биыл 3,7%-ға өсті. Жұмыссыздық деңгейі де 5%-дан төмен. Жақсы көрсеткіш. Бұл – салықтық-бюджет және ақша-несие саясатының дұрыс үйлестірілгенінің белгісі.
Инфляция – әлемдік мәселе. Дүниенің ірі экономикаларында инфляция 13 жылдық ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұған азық-түлікке жатпайтын тауарларды импорттау, шикізат және көлікпен тасымалдау бағасының өсуі кері әсер етті. Мұны реттеу үшін мемлекет инфляциялық таргеттеуге көшті. Мұнымен қоймай 2022 жылдан бастап контрциклдық бюджет қағидасын ұстанбақ. Яғни мемлекеттік шығыстар шектеледі. Бұл ел бюджетінің үнемделуіне және инфляциялық қысымның төмендеуіне септігін тигізеді.
Нысаналы Ығыл