Жамбыл облысындағы дауыл: Бірнеше отбасы баспанасыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы дауыл: Бірнеше отбасы баспанасыз қалды

18.11.2021

Дүлей дауыл кезінде Жамбыл облысындағы Жалпақтөбе ауылында 17 жастағы бозбала қайтыс болды. Ондаған адам мертігіп, дәрігер көмегіне жүгінген. Жойқын желдің кесірінен баспанасыз қалған отбасылар да бар. Осы өңірдегі тілшіміз Нұрдос Сембек дауылдан зардап шеккен Түріксіб ауылына барып қайтты.

Байзақ ауданының тұрғыны Арайлым Күзербаеваның үйі кешегі дауылда жермен-жексен болған. Екі баласымен жүкті келіншек қара суықта далада қалған. Жамбыл ауданының Түріксіб ауылында да 11 үйге зақым келген. Соның бірі – Индира Молдашева жаңа үйге жақында ғана кірген. Енді жас отбасы 3 баламен туысқандарын паналауға мәжбүр.

Индира Молдашева, ауыл тұрғыны:
Шатыр ұшқан кезде балаларды алып шығып үлгердік. Енді мемлекет тарапынан бір көмек болса дейміз.
Далада қалған отбасыларға ауыл тұрғындары жылу жинап, баспаналарын тұрғызып бермек.
Бейбіт Нығматуллаев, ауыл әкімі:
Ауыл азаматтары арасында көмек көрсетудің жолын ойластырып жатырмыз. Ауданға хабарлама жіберілді. Ол жақтың шешіміне қараймыз.
Аймақта 137 елдімекенде жарық сөнген. Оның 127-не электр энергиясы берілді. Жүзге жуық нысанның шатыры ұшып, 260 үй бүлінді. Ал қираған көліктердің саны әлі белгісіз. Шығын көлемі анықталған соң ғана қаржы мәселесі қарастырылмақ. Ол үшін арнайы комиссия құрылған.
Рүстем Дәулет, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
Негізінен 95 пайызы - шатырдың ұшу мәселесі. Тұруға жарамай қалған үйлер бар деп әкімдіктер бізге мәлімет берген жоқ. Егер ондай үйлер болса, міндетті түрде аудандық әкімдіктер оларға жағдай жасайды.
Шаңды дауылда 53 адам мертігіп, медициналық көмекке жүгінген. Олардың төртеуі қалалық ауруханаға жатқызылып, басқалары үйіне қайтарылған. Облыстық балалар ауруханасына да 4 бала түскен. Оның үшеуі ем алып жатыр. Ал жел соққан сәтте үйдің шатырында болған 17 жастағы жасөспірім жерге құлап, жедел жәрдем келгенше оқиға орнында көз жұмған.

Нұрдос Сембек

Хабарламаларға жазылу