Қазақстанда интернет сапасы бақылауға алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда интернет сапасы бақылауға алынады

17.11.2021

Елімізде ұялы байланыс операторлары арасында бәсекелестік жоқ. Сондықтан мыңнан астам елдімекен тұрғындары сапалы байланысқа қол жеткізе алмай келеді. Ол үшін бәсекелестік орта қалыптастыру кезек. Әрі заң қабылдануы тиіс. Сонда ғана байланыс сапасын бақылау мүмкін болады. Бұл жайында Нұр-Сұлтанда өткен телекоммуникация мен цифрландыру саласын дамытуға арналған басқосуда айтылды. Толығырақ әріптесім Сәбит Әлдебайдың материалында.

Ел аумағындағы 510 ауылда интернет сапасы нашар. Тұрғындар қызметті пайдалану үшін төбе біткеннің басын торуылдайды. Әсіресе бұл олқылық онлайн оқу кезінде байқалды. Жиынға келген сала мамандары бәсекелестік орта болмай сапалы интернетке қол жеткізу қиын дейді.

Жанат Нұрғалиев, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша коммерциялық емес ұйымының басшысы:
Бұл жерде біз бәсекелестікті жолға қою керектігін көріп отырмыз. Бізде бірнеше мобильді оператор жұмыс істейді. Ал нарық заңы бойынша бәсекелестік бар жерде тұтынушы үшін талас болатыны барлығымызға мәлім. Ал бізде тұтынушыларда белгілі төрт оператордан басқа таңдау мүмкіндігі жоқ.

Бүгінге дейін ел аумағындағы баяу интернет пен сапасыз байланыс үшін мобильді операторларға 104 млн теңге айыппұл салынған. Алайда қомақты қаражат табатын компаниялар мұны шыбын шаққан құрлы көрмейді. Ал қолданыстағы заң нарыққа жаңа таратушы операторлардың келуіне кедергі. Сол себепті тариф те төмендемей, сапа да жақсармай отыр.

Жанат Асантаев, Коммуникация және цифрландыру қауымдастығының вице-президенті:   
Осы қызмет түрімен айналысу үшін лицензия керек. Лицензия алу үшін радиожелілік спекторын алу қажет. Қазір әртүрлі ұсыныстар түсіп жатыр. Тиісті мемлекеттік органдар осы қателіктерді жояды деген үміттеміз.

Жиынға қатысқан мемлекеттік орган өкілдері байланыс саланысындағы мәселелерді жою үшін арнайы заң әзірленіп жатқанын айтады. Әрі сапасыз қызмет үшін салынатын айыппұл көлемі артады. Бұл заң әрбір азаматтың интернет сапасына баға беріп, мониторинг жүргізуге қатысуына мүмкіндік береді. Және арзан тариф ұсынатын компаниялардың нарыққа кіруіне сеп болады.

 Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу