Бақыт Сұлтанов Еуропалық парламент депутаттарымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақыт Сұлтанов Еуропалық парламент депутаттарымен кездесті

17.11.2021

Еуропалық Одақ пен Еуропарламент Қазақстанмен саяси диалогты, сауда-экономикалық қатынасты нығайтуға ниетті. Еліміздің сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Брюссельде Еуропалық Одақ, Еуропалық парламент өкілдерімен және кәсіпкерлермен бірқатар кездесулер өткізіп, өзара алыс-берісті арттыру жайын талқылады. Пандемияға қарамастан биылғы 8 айда Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 15 пайызға өсіп, 18,4 млрд долларды құраған. Еуропарламенттің халықаралық сауда жөніндегі комитет төрағасы көміртегінен арылуға қатысты ортақ инвестициялық, инновациялық жобаларды жүзеге асыру қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ кездесуде тараптар 29 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Женевада Қазақстанның төрағалығымен өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымының 12 министрлік конференциясына дайындық барысын талқылады. Еуропарламент депутаты мәртебелі жиын халықаралық саудадағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға септігін тигізеді деген сенімде.

 Бернд Ланге, Еуропалық парламенттің халықаралық сауда жөніндегі комитетінің төрағасы: 
Бізге субсидияны қысқарту керек. Ауылшаруашылығы саласындағы ашықтық және сауда мен денсаулыққа қатысты нақты декларация қажет. Дүниежүзілік сауда ұйымын модернизациялауға тың тәсіл жетіспей тұр.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі: 
COVID-19 пандемиясы теріс әсерін процестерге беріп отыр. Протекционизм, басқа да кедергілер нәтижесінде әлемдегі азық-түлік бағасының өсіп кетуін байқап отырмыз.


Хабарламаларға жазылу