Мемлекет басшысы Каспий құбыр конcорциумының 25 жылдығына арналған жиынға қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Каспий құбыр конcорциумының 25 жылдығына арналған жиынға қатысты

16.11.2021

Каспий құбыр конcорциумының қуатын 80 миллион тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы конcорциумның 25 жылдығына арналған салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Президенттің сөзінше, Каспий құбыр конcорциумы - Қазақстан мұнай-газ кешенінің басты элементі болып саналады, әрі ел экономикасының дамуына қомақты үлесін қосып отыр.

Каспий құбыр конcорциумы - Қазақстан мен Ресей аумағында жұмыс істейтін Теңіз-Новороссийск мұнай құбыры. 1500 шақырымға созылған құбыр арқылы экспортқа шығатын мұнайдың үштен екісі тасымалданады. Сондай-ақ теңіздегі кен орындарында өндірілетін шикізат та осы құбыр арқылы шетелдерге шығарылады. 2001 жылдан жұмысын бастаған мега-жоба бүгінге дейін әлемдік нарыққа 750 миллион тоннадан астам қазақстандық мұнайды экспорттаған. Жобаның жүзеге асырылуы Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сынды ірі кен орындарына қуатты серпін берді. Бүгінде оларға елімізде өндірілетін барлық мұнайдың 60 пайызы тиесілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Бұл саланы дамыту үшін шетелден ауқымды инвестиция тартылып, озық технология енгізілді. Біздің еліміз әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы мемлекеттердің қатарында. Қазір жылына 90 миллион тоннаға дейін мұнай өндіреміз. Өнімді сыртқа шығаратын Каспий құбыр желісінің салынуы мұнай-газ секторын дамытуға айрықша ықпал етті.

Консорциум Қазақстан мен Ресейдің, сонымен қатар Chevron, Eni, Лукойл, Shell және өзге де жетекші мұнай компанияларының қатысуымен ірі халықаралық мұнай тасымалдау жобасына айналды. Бүгінде Каспий құбыр конcорциумының өткізу қабілеті 2,5 есе өсіп, жылына 67 млн тоннаға дейін жетті. 2023 жылға қарай мұнайды тасымалдау көлемін жылына 80 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Жобадағы 15 мұнай айдау станцияларының төртеуі Қазақстанда орналасқан. Олар - Теңіз, Атырау, Исатай, Құрманғазы. 11 акционер кіретін конcорциумда қазан айында теңіз терминалынан 49 млн 200 мыңнан астам баррель тиелген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған серіктестіктің 10 принципі консорциумның табысты жұмыс істеуіне негіз қалады. Бұл жоба мен үшін де ерекше мәнге ие. Өйткені оның құрылысының басталуына және іске қосылуына арнайы қатысқан едім. Бұл саланы дамыту үшін шетелден ауқымды инвестиция тартылып, озық технология енгізілді. Жалпы,  консорциум – Қазақстанның мұнай-газ кешенінің негізгі бөлігі. Еліміздің экономикалық дамуына және азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отыр. Каспий құбыры консорциумын мега жоба деп айтсам артық емес. Оның болашағы зор екеніне сенімдімін.

Иә, консорциум шетелдік инвесторлармен ұзақмерзімді ынтымақтастықтың символына айналды. Былтыр компания оларға займның барлық сомасын төлеп, өзінің қаржылық тұрақтылығын дәлелдеген. Жобаны Қазақстан мен Ресей бірлесе жүзеге асырған. Соның арқасында екі елдің мұнай тасымалы саласындағы серіктестігі нығая түсті. Бұл туралы шараға арнайы келген Ресей үкіметі төрағасының орынбасары да айтты.

Александр Новак, РФ Үкіметі төрағасының орынбасары: 

Бұл жоба 25 жыл бұрын Қазақстан жерінде басталды. Бұл екі елдің экономикасына айтарлықтай табыс әкелді. Каспий мұнайы әлемге танылып жатыр. Теңіз-Новороссийск құбыр желісі Ресей үшін де сәтті жоба болды. Бүгінде консорциум мұнай-газ шығаратын әлемдегі ең алып 25 компанияның қатарына кіріп отыр.

Консорциумның 25 жылдығына арналған салтанатты шарада ел Президенті компания ұжымына, ардагерлеріне ризашылығын білдіріп, үздік қызметкерлерге мемлекеттік наградаларды табыстады.


Хабарламаларға жазылу