Аяқ киімдерді цифрлық таңбалау басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аяқ киімдерді цифрлық таңбалау басталды

12.11.2021

1 қарашадан бастап Қазақстанда аяқ киімдерді міндетті цифрлық таңбалау басталды. Енді тұтынушылар тауар туралы толық ақпаратты мобильді қосымша арқылы біле алады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аяқ киім тауарларын таңбалау – өнімді толық бақылауға мүмкіндік береді дейді. Өндірушілер мен импорттаушылар таңбалау жүйесіне тіркеліп, өнім туралы барлық ақпаратты енгізу тиіс. Бұл үшін келер жылдың 1 сәуіріне дейін уақыт беріліп отыр. Одан кейін цифрлық коды жоқ аяқ киімдерді айналымға шығаруға тыйым салынады. Қазақстанда аяқ киім тауарлары айналымының 96% - импортқа, 4% - ішкі өндіріске тиесілі. Бұл нарықтың дамуына көлеңкелі бизнес айтарлықтай кедергі келтіріп отыр дейді мамандар.

Мұхаммед Хайдар Сейіт, Аяқ киімдерді таңбалау жобасының жетекшісі: 
Заңсыз жолмен әкелінген тауардың құны жағынан бәсекелестікке дұрыс түспейді. Себебі, контрабандалық тауар арзан жолмен әкелінеді. Салықта төленбейді. Заңды жолмен жұмыс істеген адамдарға қиыншылық туғызады. Және отандық өндірушілердің ауыртпашылығы осында болып келеді.

Қазақстан үкіметі аяқ киімді таңбалау кодының құнын 2 теңге 68 тиын деп белгіледі. Отандық өндірушілер бұл тауар бағасының қымбаттауына еш әсер етпейді дейді. Қазірдің өзінде кәсіпкерлер өнімнің қорабы мен тауарлық белгіге цифрлық код қоя бастады. Бұл – аяқ киімнің өндірілген уақытынан бастап, айналымға шыққанға дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік бермек.

Дана Қаражанова, Аяқ киім фабрикасы директорының орынбасары: 
Қазіргі таңда отандық өндірушілер үшін бір этикетканың, яғни, бір жұп аяқ киімді таңбалаудың құны - бір теңге. Бұл баға нарығына еш әсерін тигізбейді. Керісінше біз сияқты отандық кәсіпкерлерге қолдау болмақ. Себебі, бұдан кейін контрабандалық жолмен келетін тауарлар азайып, сапа арта түседі деп ойлаймын.


Хабарламаларға жазылу