Өскеменде 200-ден астам тұрғын баспаналарына кіре алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде 200-ден астам тұрғын баспаналарына кіре алмай жүр

05.11.2021

Өскеменде «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» бағдарламасымен пәтер алған 200 ден астам тұрғын үш айдан бері баспаналарына кіре алмай жүр. Жергілікті билік қаржы табылса, қараша айының соңына дейін үй тапсырылады деп отыр. 

Бұл үйден пәтер алғандардың дені - көпбалалы отбасылар. Бірақ «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларымен ипотекалық несие рәсімдеген тұрғындар банк алдындағы берешектен бөлек жалдамалы пәтерге де үш айдан бері ақша төлеп отыр.

Алтынай Ыдырышева, қала тұрғыны:

Ақша бөлінді. Неліктен жұмысшылар жоқ? Неліктен оның бәрі істелмей жатыр? Осының бәрін біліп берулеріңізді сұрап отырмыз. 

Айжан Мәлікова, қала тұрғыны:

Ал енді мына жердегі бригадирлерден сұрасақ, бізге ешқандай ақша бөлінген жоқ. Бізге бөлінген ақшаға алған материалға істедік. Енді ақша жоқ тоқтап тұр дейді. Бәрі қаржылық мәселеге тіреліп тұр.

Көпшілікпен кездесуге келген мердігер компания өкілі үй қараша айының ортасында тапсырылатынын айтты. Тек алдымен тұрғындар пәтерді мүлік иелері бірлестігіне тіркетіп, соны растайтын құжатты әкеп берулері тиіс. Құрылыс бөліміндегілер де нысан көп кешікпей тапсырылады деп отыр.

Мерей Әкімжанов, қалалық Құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

Қандай да бір жобада өзгерістер болғанда  актіде көрсетеміз.  Негізгі жұмыстың бәрін бітіріп, үй иелеріне кілт тарату мәселесі болып тұр.

Құрылыс бөліміндегілердің айтуынша, нысанды қабылдаған тұста олқылық шығып жатса, мердігер ретке келтірмек. Ал әзірге ішкі сылақ жұмыстары жүргізілуде.

Қуаныш Амантайұлы


Хабарламаларға жазылу