Алматы облысындағы Пенжім ауылында оқушылар арасында жаппай төбелес орын алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы Пенжім ауылында оқушылар арасында жаппай төбелес орын алды

31.10.2021

Өткен аптада Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында этникалық анклавтардың туындауына, мәдени және тілдік кедергілерге, этносаралық шиеленістер мен қақтығыстарға әкеліп соғатын әлеуметтік-мәдени оқшаулануға қатысты қатерлерге тоқталған.

Мемлекет басшысы мұндай қатерлердің алдын алу үшін еліміздегі қалалар мен ауылдарда, оқшауланған этникалық аудандар мен кварталдардың қалыптасуы сияқты жағымсыз тенденцияны еңсеруге бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, бірқатар аймақта этникалық топтардың қазақстандық шынайы өмірден алыстауына байланысты «ішкі эмиграция» үрдісі байқалып отырғанына назар аударды.

Бұл мәселеге тікелей болмаса да, жанама әсері бар сияқты оқиға Алматы облысында болды. 28 қазанға қараған түні Панфилов ауданы Пенжім ауылында мектеп оқушылары сөзге келіспей, жаға жыртысқан. Салдарынан бір бала басынан жарақат алып, ауруханаға түскен. Оған ота жасалды, басында жағдайы ауыр деген ақпарат шыққан. Кейін Тенгриньюс порталының журналисіне аудан әкімі Талғат Өмірәлиев «балаға кіріп шықтым, жақсарды» деген. Кешке бір топ адам үйлердің, автокөліктердің терезесін сындырып көшеде жүргендерінде тағы бір адам зардап шеккен.

Бұл оқиға «бұзақылық» деп сипатталғанымен, жалпы, еліміздегі ұлтаралық қатынас мәселесі жақсылап зерделенуі тиіс. Президент айтпақшы, ашық талқылануы керек. Мемлекет Басшысының «Әйтпесе туған мәселелерге шынайы баға бере алмаймыз» деуі де – дөп сөз.


Хабарламаларға жазылу