Алдағы бес жылда ауыл- аймақты түлетуге басымдық беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы бес жылда ауыл- аймақты түлетуге басымдық беріледі

29.10.2021

«Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Қарағанды облысында 179 елді мекеннің әлеуметтік мәселесі шешіліп, инженерлік инфрақұрылымы жаңғыртылады. Ал, Шығыс Қазақстанда биыл республикалық бюджет есебінен 93 жоба іске аспақ. Игі бастама өзге өңірлерде қалай іске асып жатыр, тілші сабақтасын.

Премьер-министрдің тікелей тапсырмасымен Қарағанды облысына барған үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқанымен танысты. Өңірде «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде тұңғыш рет ауылдық жерде жабық хоккей корты салынуда. Спорт нысаны «Шахтер» ауылында бой көтермек. Оған 159 миллион теңге қаржы бөлінген. Жалпы санаулы жылдың ішінде мұнда бассейн, спорт кешені, дәрігерлік амбулатория сынды бірнеше әлеуметтік нысан бой көтерген. Мұндай жаңа жобалар Нұра кентінде де жалғасын тапқан. Музыка мектебі мен мұражай жұмысы бір ізге қойылған. Ал Осакаров ауданының орталығында жасөспірімдер мен балалар сарайы жөнделіп, техникалық орталық ашылыпты.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Ең алдымен ауылдың жолдарына, инфрақұрылымына байланысты негізгі мәселелер. Сонымен қатар әлеуметтік салаларға байланысты, мектептер, мәдениет үйі бар деген сияқты. Сондықтан оларға байланысты әжептәуір біраз жұмыстар жасалған. Нақты айтқанда облыс бойынша соңғы мына үш жылдың ішінде 13 миллиард теңге осы «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы арқылы жүзеге асып отыр.
Жалпы облыста 179 елді мекеннің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы ретке келтіріледі. Онда қазір 230 мың халық тұрып жатыр. 6 мың жаңа жұмыс орны ашылған. 140 нысан жаңадан салынып, жаңартылады. Жұмыс барысында Ералы Тоғжанов жергілікті халықпен емен-жарқын әңгімелесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады.
Мара Ақмағанбетова, Осакаров ауданының тұрғыны:
Жолдарымыздың бәрі асфальтталып, тротуарлар салынып, саябақта ремонт болып, енді былай жалпы айтқанда «Ауыл-Ел бесігі» жобасы осы біздің Осакаровкамызға көп өзгерістер әкелді жақсы жағынан.
Ал, Шығыс Қазақстанда жоба аясында 44 ауыл қайта түлемек. Солардың бірі Әуезов кенті . Мұндағы Бақыршық орта мектебі бастан аяқ жөнделді. Сондай-ақ ауылда биыл Мәдениет үйінің құрылысы басталды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 120 орындық оқу залы және кітапхананы, 400 орындық көрермен залын көрді.
Күлзипа Мағзам,    Әуезов кентінің тұрғыны:
Жастардың келешегі үшін өте үлкен мүмкіндік.Мектеп өте үлкен күрделі жөндеуден өтті,жаңартылып.Ол біздің балаларымыз үшін жасалған керемет жағдай.
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында жаңа автомобиль жолдары салынып жатыр. Басқұдық, Маңғыстау, Баянды ауылдарындағы жолдың жалпы ұзындығы 23 шақырым. Бұдан бөлек осы Баянды ауылының 13 мыңға жуық тұрғыны жылдар бойы ауыз судан тарығып келді. Былтыр елдімекенге тұщы су жеткізілді. Ал, Ақшұқыр ауылында балалар үшін 160 орындық спорт кешені салынды.

Түркістан облысына барған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Бәйдібектегі аурухананың құрылысын көрді. Төрткөлдегі ауылында салынып жатқан сауықтыру кешені жыл соңына дейін пайдалауға берілмек. Мұнда осы маңдағы бес ауылдың балалары спортпен шұғылданады.
Құралсын Айтбайұлы,   Төрткөл ауылының тұрғыны:
Ауылымызды келіп көркейтіп жатыр, атсалысып жатыр. Ол кісілерге де рахметімді айтамын. Келешек жастардың, ұрпақтардың осынша үлкен чемпион болып шығуларына еңбек етулеріне үлкен тәрбие.
Алматы облысында 41 елді мекеннің мәселесін шешу көзделген. Алайда бес ауданда жоспарланған жұмыстар кешіктіріліп, қаржыны игеру баяулаған. Құрылыс материалдарының қымбаттауы әрі пандемияның кесірінен нысандар межелі уақытында тапсырылмаған.

Ақтөбеде жеке білім беру орталықтарының жұмысы жолға қойылып келеді. Өңірге келген Білім және ғылым министрі 500 бала білім алатын халықаралық мектептің жұмысымен танысты. Облыс білім саласын қаржыландыруда көшбасшы өңірлердің бірі. 

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу