Тазы жүгірту өнері олимпиадалық спорт түрі мәртебесін алмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тазы жүгірту өнері олимпиадалық спорт түрі мәртебесін алмақ

29.10.2021

Елімізде тазы ұстайтын саятшылардың ұлттық федерациясы құрылды. Енді құмай жүгіртуге құмар азаматтар ұлттық өнерді олимпиадалық спорт түрі ретінде рәсімдеуге күш салуда. Сабақты ине сәтімен шықса, еліміздің түкпір-түкпірінде ашылған ұлттық спорт мектептерінде итбегілік үйірмелері ашылады. Мұндай бастама бұған дейін алыс-жақын шетелдерде өтетін жарыстарға өз қаражатымен барып жүрген саятшыларға мемлекет тарпынан қолдау жасауға негіз болмақ. Сәбит Әлдебайдың материалы.

Қазір атадан қалған бекзат өнерге бет бұрған азаматтар көп. Алайда, итбегілердің дені тазының тұқымын асылдандыруға құлықсыз. Осылай деген елордалық Алмас Оралбеков жақында тазыны асылдандыру федерациясын құрған.
Алмас Оралбеков, «Асыл қазына» тазы асылдандыру федерациясының жетекшісі:
Құсбегілік, атбегілік бар ал мынау итбегілік деген статус бар, соны спорт жүзінде дамытамыз, соны құжат ретінде тіркеді енді порталға документ тапсырылады.
Құжаттарын құнттап, онжылдық жоспарын бекіткен қауымдастық өкілдері бұрын халықаралық жарыстарға өз күшімен баруға мәжбүр болған. Ол үшін спортшылар саятшылық өнеріне сай киім киіп, сақадай-сай болуы тиіс.
Сәбит Әлдебай, тілші:
Тазыны халықаралық жарыстарға апаруға кететін шығандардан бөлек, оған күн сайын уақыт бөліп тұру қажет. Мысалы мына арлан тазы күнделікті жүгіртпегеннің салдарынан сәл семіріп кеткен. Енді қансонар уақыты басталғанға дейін мұны күнделікті жаттықтырып, жүгіртіп тұру қажет.
Қазір қазақ тазысын сыртқа танытудан бөлек, тұқымын сақтаудың өзі мұң болып тұр. Өйткені еліміз бойынша құжаттары талапқа сай келетін ит тұқымының ресми саны 500-ге де жетпейді.
Инна Назаренко, «Қансонар»қауымдастығының кинологы: 
Мәселені шешу үшін генетикалық зерттеу маңызды. Қазір бұл жұмыспен институ мамандары айнласып жатыр. Біз жыл сайын өңірлерге шығып, тазылардың санын жинақтаймыз. Таза қанды тазылар бар. Бірақ итбегілердің басын құрау қиын болып тұр.
Текті иттің қазақ даласына тән тұқымы ресми бекітілмегендіктен алыс жақын шетелдегілер қазақ тазысын танымайды. Ол үшін арнайы стандарттарды бекіту қажет. Ал, ұлттық спорт түрі ретінде акридиттеу қиындық тудырмайды дейді министрлік өкілдері.

Кинолог мамандар тазы тұқымын сақтауды тез арада қолға алып, ұзақ уақытқа созылатын жұмысты төзіммен атқару қажет дейді. Әйтпесе мыңдаған жылдар бойы малшылар мен аңшыларға серік болған ит төресінің тұқымы тұздай құрып кетуі мүмкін.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу