Жошы ұлысының Қазақ хандығы тарихындағы рөлін зерттейтін орталық ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жошы ұлысының Қазақ хандығы тарихындағы рөлін зерттейтін орталық ашылады

28.10.2021

Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл. Осы мерейлі дата қарсаңында Атырау қаласында үш күндік халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Түркия, АҚШ, Жапония, Украина, Ресей және Қазақстан ғалымдары Дала Риміне баланған Алтын Орданың тарихы, тағылымы турасында сөз қозғады. 

Өркениет - өткенді өнеге етуден басталады. «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» деп ат қойылып, айдар тағылған халықаралық конференцияның түпкі тамыры соған келіп саяды. Алдымен Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым Жомар Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Дәурен Абаев, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірініші орынбасары:
Бұл алқалы жиын еліміздің 30 жылдық мерейіне орай өткізілуде. Алтын Орда тарихы қазіргі қазақ мемлекеттілігінің жылнамасымен тығыз байланысты. Әйгілі Жошы хан кесенесімен Сарайшық қаласының Қазақстан аумағында орналасуы осының айқын дәлелі.

Тарихын түгендеп, одан тағылым ала білген елдің тамыры берік. Осылай деген Ел Президенті «Алтын Орда көптеген бауырлас елдердің тағдырында із қалдырды. Сондықтан, ортақ шежіремізді бірлесе зерттеу міндеті тұр» деді. Бұл орайда, Қасым Жомарт Тоқаевтың «тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек» деген сөзі тура осы басқосуға қарата айтылғандай.

Юлай Шамильоглу, Назарбаев университетінің қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі:
Мысалы Алтын Орданың Италиядағы республикаларымен жақын байланыстары. Сауда тарихы. Қалалардың тарихы. Алтын Ордада ислам өркениетінің тарихы. Соның бәрін әлі жақсы ұғына алмай келеді. Меніңше солардың бәрі қайтадан үйрену дұрыс. Және ол біздің халықтарымызға қажет. Басқалаларға қажет емес.

Сарайшық қалашығында алдағы уақытта 20 нысан бой көтереді. Олардың ішінде Жайықтан өтетін көпірлер, сауда орталығы, «Алтын Орда» мұражайы бар. Жоба жүзеге асса туристер саны 700 мыңға дейін артады деген болжам бар.

Конференция соңында қарар қабылданды. Құжатқа сай, Жошы Ұлысының Қазақ хандығы тарихындағы рөлін зерттейтін орталық ашылады. Әрі, орта ғасыр тарихын зерттейтін ғалымдарға бөлінетін гранттар саны арта түспек. Алтын Орда кезеңіндегі тарихи таңбаларды танымал ету секілді 14 тараудан тұратын құжат бекіді.

Ғабит Бөкенбай, тілші:
Бүгінгі буын өздерінің империя құрушы мемлекеттің заңды мұрагері екенін түсінуі керек. Жайықтың жағасында өтіп жатқан жиынның негізгі месседжі осы. Шығысы Алтайдан басталып, батыс шегі – Дунайға дейін жеткен империя біздікі деп таласатын жұрт көп. Бүгін осы сауалға нүкте қойылып, халықаралық қауымдастық Жошы хан құрған империяның заңды мұрагері Қазақ хандығы екенін мойындау жөнінде ортақ мәмілеге келді. 

Ғабит Бөкенбай

Хабарламаларға жазылу