А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын өткізу жөнінде мемлекеттік комиссияның отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын өткізу жөнінде мемлекеттік комиссияның отырысы өтті

27.10.2021

Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын өткізу жөнінде мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Алдағы жылы рухани шараны халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО аясында атап өту мәселелері қаралды. Бұдан тыс мемлекеттік комиссия мүшелері соғыс жылдарында әскери тұтқынға түскендерді ақтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Ахмет Байтұрсынұлы – ағарту, тіл мен әдебиет ғылымдарының негізін салудағы ірі реформатор. Білім және ғылым министрі мерейтой аясындағы жалпы республикалық жоспарды таныстырды. Ғылыми конференциялар мен тақырыптық байқаулар өтеді. Халықаралық Түркологиялық конгресс те ұйымдастырады. Тұлғаның таңдаулы еңбектерін орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аударып, ғылыми ізденстерінің 12 томдығы баспадан шығарылады. Сондай-ақ «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлеріне қатысты деректерді шет елдердің архивтерінен іздестіріп, ғылыми айналымға енгізілмек.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Ахмет Байтұрсынұлы ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, халқымыздың бейбіт те берекелі өмір сүруі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолда басын бәйгеге тігіп, «тар жол, тайғақ кешуден» өткен тұғырлы қайраткер. Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық дамудың талай жыл тот басып қараусыз қалған тегершігін айналдырып, үздіксіз қозғалысқа қосып берген ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз қызмет етіп, мәңгі ескірмейтін мол мұра қосқан қайраткер қазақ даласында кемде-кем.

Сондай-ақ мемлекеттік комиссия мүшелері 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде қамалғандар мен «Түрік легионында» тұтқындалағандар туралы нақты дерек жинап жатыр. Осылайша ақиқатты ашпақшы. Себебі, соғыстың алғашқы 5 айында 3 млн 900 мың кеңес әскері фашистердің қолына түсті. Тұтқындағы 128 мыңнан аса қазақтың 80 мыңы қаза тапты. Бұл ғалымдардың шамамен анықтаған ақпары ғана. Сталиндік режим олардың ақ-қарасын ажыратпай-ақ отанын сатқандар санатына қосты.

Тұтқынға түскендердің отбасы мүшелері мен туыстары да қудаланды. Ұзақ жылдар бойы майдан құрбандары мен қамауда болғандар туралы мәлімет көрсетілмей келді. Бірақ, шет елдік сарапшылар және ресейлік прогресшіл ғалымдардың сөзінше КСРО-ның саяси басшылығының кінәсінен талай адамның өмірі ойыншыққа айналды.

Нұртаза Асылов, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі:
Бұл материалдардың бәрі кезінде жабық архивтерде сақталған. 90-шы жылдарға дейін де бұл материалдар баспасөз парақтарында да көп айтыла бермеген. Біздің атқарып жатқан жұмысымыз нағыз архивтік материалдарға сүйеніп, бұл ақтаңдақ мәселені елге жеткізу.

Иә, комиссия мүшелері қазақстандық әскери тұтқындар туралы зерттеу деректері жеткілікті деп отыр.

Нысаналы Ығыл, тілші:
Олар фашистік түрмелерден босап шыққаннан кейін де советтік ішкі істер министрлігінің сүзгісінен өткен. Шахта сияқты ауыр жұмыстарға жегілген. Бірақ, кінәсіз екенін дәлелдей алмай, ақыры түрлі репрессияға ұшыраған. Енді, сарбаздарды толық ақтау үшін тұщымды материалдар жиыстыру қажет. Бұл жолда тосқауыл жоқ.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу