Тарихи құндылықтарды қалпына келтіретін маман тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарихи құндылықтарды қалпына келтіретін маман тапшы

27.10.2021

«Архив 2025» бағдарламасы аясында елге шетелдік мұрағаттар мен кітапханалардан тарихи жазбалар көптеп әкелінгені белгілі. Оның біразы қалпына келтірілген, алайда жұмыс әлі де сылбыр. Сала мамандары оған реставраторлардың тапшылығы себеп дейді. Қазақ мемлекетінің ортағасырлық жазба деректері таныстырылған арнайы көрмеде салаға қатысты біршама түйіткілді мәселелер талқыланды.
Жұрағат Баман, тілші: 
Төл тарихымызды түгендемесек өзгелер оны өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан деректердің сақталуын, көне кітаптардың мазмұны емес мұқабасының, кітап парақтарының жаңартылып отыруын бақылауға алу маңызды. Жуырда қолға алынған «Архив 2025» бағдарламасының негізі мақсаттарының бірі осы.
Көне қолжазбаларды реставрациялау ісімен Сырым Сайлауұлы 2017 жылдан бері айналысады. Бірнеше елден тәжірибе жинап келген жас маман қазір бірқатар кітапты қалпына келтірген. Қазақстанның мұражайларында көне тарихымыздан, мәдениетімізден мәлімет беретін заттар өте көп. Алайда біздің елде осы құндылықтарды қалпына келтіріп отыратын мамандар жоқ дейді ол.
Сырым Ботабеков, реставратор: 
Қазақстанда кадрларды дайындайтын өзіміздің жоғарғы оқу орындарында арнайы оқу орындары жоқ. Мамандықтар дайындайтын мүмкіндік жоқ.  Мысалы, Корея, Түркия, Ресей, кішкентай ғана Арменияның өзінде реставраторлары өте жоғары деңгейде. Солардан барып, тәжірибе алмасып, білмейтінімізді олардан үйреніп, сөйтіп осы жұмысымызды әрі қарай жалғастырып отырмыз.
Елімізде реставратор мамандығына оқытатын оқу орны жоқ. Бұл мамандыққа көбінесе тарих факультеттерінде білім алған жастар бет бұрады екен. Алдымен архивтерде жұмыс істейді, кейін шетелде тәжірибелік курстарға қатысады. Мәселе қазір ерекше назарда. Келер жылдан бастап өз елімізде де тиісті кадрлар дайындайтын мүмкіндіктер қарастырылады дейді мамандар.
Тілеген Садықов, тарих ғылымдарының докторы: 
Бірінші осыларды зерттейтін жас ғалымдарды дайындауымыз керек. Екінші келіп жатқан деректердің, құжаттардың бәрі бірдей деңгейде жеткен жоқ. 
2017 жылы іске қосылған сирек кездесетін кітаптар орталығына шетелдік архивтердегі қолжазбалар әкелінген. Осыдан 800 жыл бұрынғы кітаптардан бастап, 1950 жылдарға дейінгі кітаптар осы орталықта сақтаулы. Арасында араб, парсы, түрік тілдерінде шыққан еңбектер, 150 жыл бұрынғы қазақ жері туралы деректер бар кітаптар жас мамандардың қолымен қалпына келтірілген.

Жұрағат Баман

Хабарламаларға жазылу