eGov порталын жаңа платформаға ауыстырумен тек қазақстандық IT-мамандар айналысады. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Бағдат Мусин айтты. Министр электронды үкіметті жаңа платформаға көшіру бойынша сұрақтарға жауап беріп, еліміздегі ақпараттық жүйелердің қолжетімділігі, цифрландырудағы жетістіктер жайлы әңгімеледі.
Еліміздің электронды үкіметін жаңа платформаға көшіру бойынша әзірге тек меморандумға қол қойылған. Министр осыны тағы бір қайталап, қазір техникалық құжаттама даярлау үшін зерттеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Сосын платформаның негізін ғана сатып алу жоспарланған. Қалған шаруаны қазақстандық IT-мамандар атқарады.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:Тек қана қазақстандық IT-мамандар осы платформада жұмыс істейді және біздің ақпараттық жүйелерді автоматтандырады, біз осындай талап қойып отырмыз. Тек қана оның ашық кодтарын аламыз, сосын өзіміздің IT-қауымдастықпен бірге өзімізге керек нәрсені өзіміз құрастырамыз.
eGov порталын жаңа платформаға ауыстыру отандық цифрлық индустрияны одан әрі дамыту үшін қажет. Бүгінде елімізде 690 мемлекеттік қызметтің 624-і электрондық форматта көрсетіледі. Кейбір қызмет түрін смартфон арқылы да алуға болады. Электронды үкіметтің ыңғайлы және осал тұстарын ел-жұрт жақсы біледі.
Осы интернеттің нашарлығы мемлекеттік қызметті онлайн түрде алуға көп кедергі келтіреді. Сапасыз қызмет көрсеткен ұялы байланыс операторларына жыл басынан бері жалпы сомасы 92 миллон теңге көлемінде айыппұл салыныпты. 2024 жылға дейін 561 ауылды кеңжолақты интернетпен қамту көзделген.
Берік Көшербай, тілші:
Мемлекеттік қызметке қолжетімділікті арттыру үшін цифрландырудың мультиплатформалық моделіне көшу бойынша да жоспар бар. Әр түрлі органның 400 ақпараттық жүйесі бір жерде біріктірілсе олардың өзара интеграциясы жақсарады. Бұдан кейін электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасы жаңа деңгейге көтерілуі тиіс.
Берік Көшербай