Батыс Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер мәжбүрлі түрде халық санағын жүргізуге тартылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер мәжбүрлі түрде халық санағын жүргізуге тартылып жатыр

25.10.2021

Батыс Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер мәжбүрлі түрде халық санағын жүргізуге тартылып жатыр. Статистика департаментінің өкілдері мұны растады. Өйткені, өңірде санақшылар жетіспеуде. Ал мұның заңдық негізі қандай? Ардақ Мұратқызы бірнеше тараптың уәжін тыңдап көрді.

Лунара саяжайда санақ жүргізеді. Қуыс-қуысты аралап, жолсыз жермен күніне бірнеше шақырым жаяу жүреді. Сондағы алатын ақысы да мардымсыз. Келісімшарт бойынша санақшының тіркеген кісі басына 125 теңгеден төленеді. Лунара өзіне берілген аумақтағы 830 адамды тіркеуі керек.

Лунара Рамазанова,  интервьюер: 
Біреулер сенбей жатады. Негізі қиын. Мас адамдар көп жүреді. Иттер көп. Бір шарбақта 2-3 ит болады. Сондықтан осы жаққа жастар келуге қорқады.

Санақ жүргізетін еркітілер санаулы болған соң, амал жоқ науқанға мемлекеттік қызметкерлер тартылған. Облыстық басқармада жұмыс істейтін жас маман бұл шаруамен еркінен тыс мәжбүрлі түрде айналысып жүргенін айтады. Құзырлы органға арыз беруге жұмыстан шығып кетем бе деп қорқады.

Мемлекеттік қызметкер: 
Өзіміздің мемлекеттік қызметке жатпаса да, бізді халық санағын жүргізуге мәжбүрлеп жатыр. Қазір күз мезгілінде кеш ерте түседі. Ал сондай уақытта жұмыстан шығып, үй-үйді аралап, санақты жүргізу біздің өмірімізге де қауіпті.

Қала сыртында интернет те жоқ. Берілген планшет пайдасыз. Амал жоқ, деректі дәптерге толтырып, кейін оны компьютерге салып, екі жұмыс істейді. Негізі 780 интервьюер, 110 бақылаушы болуы керек. Бірақ, осындай қиындықтан кейін еркітілердің дені жұмыстың ауырлығын айтып, келісімшартты бұзған.

Аманжан Жұманов,  Облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары: 
Үлгермегендіктен облыс әкімдігі бастап мемлекеттік қызметшілерді сұхбатшыларға ақысыз көмек ретінде тартуды ұйғарған. Ақылы түрде болмайды, қазір ақысыз көмектесуде.

Мемлекеттік қызмет туралы заңның 13-бабы бойынша мемлекеттік қызметкер өз міндетінен басқа шаруамен ақылы түрде айналысуға құқы жоқ.

Ғалым Тұрсынбаев,  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы: 
Мемлекеттік қызметшілерді мәжбүрлеп басқа жұмыспен айналысуларына тыйым салынған. Педагогикалық, ғылыми, басқа да шығармашылық жұмыспен мемлекеттік қызметшілер ақылы түрде айналысуға құқылы. Ал санақ мәселесі функционалдық міндеттеріне кірмейтін болса, онда болмайды.

Агенттік бұл мәселеге қатысты шағым түссе ғана шара қолданатындарын айтады. Әзірге, арызданған ешкім жоқ көрінеді. Айта кетейік, жалпы еліміз бойынша халық санағын жүргізуге 9 млрд теңге бөлінсе, облысқа 183 млн. теңге аударылған. Санақтың аяқталуына 8 күн қалды.


Хабарламаларға жазылу