Іле-Балқаш резерватында жан-жануарлардың саны көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Іле-Балқаш резерватында жан-жануарлардың саны көбейіп келеді

22.10.2021

Алматы облысының Іле-Балқаш резерватында жан-жануарлардың саны көбейіп келеді. Былтырдан бері ерекше қорғалатын аумаққа бұғы жерсіндірілсе, биыл құлан әкелу жоспарланып отыр. Ал, 2025 жылы жолбарыс жіберу көзделген. Үш жыл бұрын құрылған резерватта қазір жыртқыштың азықтық қоры молайтылып жатыр.

Іле-Балқаш резерватының аумағы 415 мың гектардан асады. Ең шалғай орналасқан кардондардың бірі - Қарамерген. Бұл жерде екі мемлекеттік инспектор 15 тәулік қызмет етіп, ауысып отырады.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Резерват қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалып отыр. Мәселен біз тұрған Қарамерген кардонында қазақ үйге ұқсайтын жылы баспана, жол талғамайтын көлік, күн сәулесінен қуат алатын батареялар, тіпті радио байланыс та бар.
Фархад Талғатұлы резерват ашылғалы бері мемлекеттік инспектор болып қызмет етіп келеді. Кардон аумағындағы аң-құстың молайып жатқанын өз көзімен де көріп жүр.
Фархад Талғатұлы, мемлекеттік инспектор:
Үш жылдан бері міне оқ атылмайды. Баяғыда осы жер браконьерлердің аң аулайтын жері болған. Қазір біз оның бәрін қорып, тынышталып, үш жылдан бері аңның көбейгені көзімізге де, өзімізге де аралап жүргеннен кейін бәрі көрінеді.
Ал инспекторларға көрінбеген аң арнайы құрылған фототұзақтардың обьективіне іліккен. Маралдар емін-еркін жайылып, қырғауыл мен қоянның соңғы кезде көбейгенін анық аңғаруға болады. Биыл дәл осы Қарамерген кардонына 50 құлан жіберу жоспарланып отыр. Ол үшін 20 гектар аумақ қоршалды.
Жәнібек Жұбаниязов, Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватының директоры:
Біздің ойымыз бағдарлама бойынша екінші этап жолбарыс әкелу, барлық жұмысты бітірсек 2025 жылы әкелеміз.
Бұл өңірде тұран жолбарысы адамдардың кесірінен жоғалып кетті. Қазір сол олқылықтың орнын толтыру үшін ауқымды жұмыс атқарылуда. Ал резерватқа амур жолбарысын әкелу жоспарланған. Дәл осы жолбарыс тұран жолбарысына туыстас тұқым.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу