Алты ай бойы Ұлттық арна көрермендерінің құлақ құрышын қандырған «Қазақстан дауысының» жеңімпазы анықталды. Ақтық сын тікелей эфир арқылы көрсетіліп, 9 мыңнан іріктелген 4 өнерпаз бақтарын сынады.
4 тәлімгердің таңдауы емес, халықтың қолдауымен 5 миллион теңге және әлемге әйгілі «Universal» дыбыс жазу студиясының келісімшартын Торғай өңірінің «Томпаниясы» қанжығасына байлады.
Ақтық сынға өткен 4 үздік те жеңіске ұмтылды. Алдымен өнер жұлдыздарымен ән шырқап, бұдан соң тәлімгерлерімен өнер көрсетті.
Алайда, көпшілік «Қазақстан дауысы» атанады-ау деп күткен Роза мен Жанғалидың бағы жанбады. Халық аз дауыс беріп, бірінші кезеңде екеуі де сахнамен қоштасты. Бәйгеге тігілген 5 миллион теңге үшін Тимур мен Шаһаризат өзара сайысқа түсті.
«Бақ шаба ма, бап шаба ма», демекші, ақырғы айналымға шыққан Тимур бәсекелесіне жол берді. Ал «Томпания» деп танылған Шаһаризат Сейдахмет жоба жеңімпазы атанды.
Шаһаризат Сейдахмет, жоба жеңімпазы:
Жобаға ең алғаш берген сұхбатымда «Мақсатым тұлға ретінде қалыптасу деп айтқанмын. Осы мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Жеңісті күткенен гөрі жеңілісті күткен ауыр. Мен жеңістен гөрі жеңіліске дайындалдым, осы уақытқа дейін. «Таудай талабың болғанша, бармақтай бағың болсын», дейді.
Осы ән - Шаһаризатты «Қазақстан дауысы» еткен. Әу бастан домбыраға жақын, жүрегі дәстүрлі әнді қалайтын жас әншіге тәлімгері Нұрлан Албан да дұрыс жол сілтей білді. Бірлесіп таңдаған мәрелік сайыстағы ән де көптің көңілін жаулады. Шаһаризат орындаған халық әні халықтың жүрегіне жетті.
Нұрлан Албан, әнші, Ш.Сейдахметтің тәлімгері:
Бұл жеңіс - менің жеңісім емес. Бұл жеңіс - Шаһаризаттың жеңісі емес. Бұл - халықтың жеңісі. Аз ғана уақытта мен Шаһаризаттың қайсар екенін білдім. Мақсатына жеткенше еңбектенетін азамат екеніне көзім жетті.
Елімізде тұңғыш қолға алынып, Ұлттық арна арқылы көреременіне жеткен «Қазақстан дауысы» талай таланттың өнерге қадам басуына жол ашты.
Жоба жеңімпазы атанған 27 жастағы Шаһаризат Сейдахмет енді тәлімгерімен бірігіп, әлемнің әйгілі студиясында ән жаздырады. Ал әділ жеңіспен қол жеткізген 5 миллион теңгенің бір бөлігін «Томпания» қайырымдылық іске жұмсамақ.
Жазира ИСАЕВА