«BALAPAN» телеарнасының бас продюсері Президентке телеарналардағы жасөспірімдер контентіне қатысты ұсынысын білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«BALAPAN» телеарнасының бас продюсері Президентке телеарналардағы жасөспірімдер контентіне қатысты ұсынысын білдірді

21.10.2021

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онлайн форматта болған жиында этносаралық келісімді нығайту мен ассамблеяның жаңа міндеттері талқыланды. Нақты айтқанда Түркістан облысындағы өзекті мәселелер және аналар кеңесінің қызметі мен алдағы жоспарлары қарастырылды.

Онлайн жиында алдымен Түркістан облысындағы этносаралық ахуал сөз болды. Себебі 2 миллионнан астам тұрғыны бар өңірдің 25 пайызы өзге ұлт өкілдері. Яғни 50-ге тарта этностың 500 мыңға жуық өкілі тұрады. Қарабұлақ, Шорнақ ауылдарындағы жанжалдан кейінгі жағдайды реттеуге үкіметтік емес ұйымдар мен екі жақтың қариялары да ат салысқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Статистика бойынша, Түркістан облысында түрлі тұрмыстық жанжалдар аз емес. Өзіңіз де мысал ретінде Шорнақ, Қарабұлақ елді мекендерінде болған оқиғалар туралы айттыңыз. Тұрмыстық деңгейде болса да, дәл осындай жағдайларға баса мән беру керек. Ең алдымен мұндай оқиғалар ұлттық сипатқа ұласпауы қажет. Бұл – бірінші мәселе.
Екінші мәселе Түркістан облысында Достық үйін ашу керек. Бұл басқа өңірлерде бар. Мұндай нысан салтанатты мәжіліс залына айналмай, нақты проблемаларды талқылайтын орын болуы тиіс деді Президент.

Жиында аналар кеңесі де бірнеше міндеттемені алған қойды. Біріншіден қазақ тілін білетін азаматтарды тәрбиелеу, білім мен біліктілік арқасында өз еңбегімен табыс табуды үйрету.
Нәзипа Шанаи, ҚХА аналар кеңесінің төрайымы:
Екінші, балаларымызды мамандық таңдауда ғылымға, педагогикаға, медицинаға, энергетикаға, ауылшаруашылығына, IT-технология салаларына бағыттау керек.
Майя Бекбаева, ҚХА ресми өкілі:
Көпбалалы аналар қолдау күтіп отырған отбасыларға көмектеседі. Балаларды қалай тәрбиелеу керек, оларды қадағалап, дұрыс жолға салу туралы пікірлерін білдіріп, кеңес айтады. Аналар кеңесі үлкен жұмыс атқарып отыр. Бірінші кезекте олар көпбалалы аналарды, көпбалалы отбасыларын қолдайды.
Тағы бір мәселе – балалардың интернетке тәуелділігі. Жиынға қатысушылар жасөспірімдердің ғаламторды дұрыс пайдалану жолдарын да ұсынды. Солардың бірі өңір тарихы туралы түсірілетін TikTok жобасын Президент қолдап, талантты балаларға демеу болу керегін айтты.
Сандуғаш Кенжебаева, «BALAPAN» телеарнасының бас продюсері:
Қазір 9-дан 18 жас аралығындағы балалар көретін арналар жоқ. Сондықтан телеарналар балаларға арналған контентке кем дегенде екі сағат эфир уақытын бөлуі керек.
Балаларға сапалы медиа-контент дайындау барысында «Біздің батырлар» жобасын қолға алу мәселесі де ұсынылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Біздің батырлар» атты бағдарламаны қолға алуды ұсындыңыз. Бұл жақсы бастама деп ойлаймын. Шындығында балаларды тарихи, ұлттық тұлғалармен таныстырып қана қоймай, заманауи Қазақстанның өркендеуіне ат салысып жүрген бүгінгі күннің батырларын да айтуымыз қажет. Бұл өте маңызды. Тиісті министрлік бұл мәселемен айналысады деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы сөз соңында этникалық мәселеге де тоқталды. Оның айтуынша, әлемде ұлтаралық қатынастар әлі күнге дейін түрлі қақтығыстарға себеп болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Этносаралық қатынас саласындағы өңірлік құрылымдарды мамандармен қамтамасыз етуге де баса назар аудару керек. «Бұл жұмысты ең алдымен ұлттық құрамы әртүрлі және белгілі бір этнос өкілдері тығыз қоныстанған аймақтарда қолға алу қажет Шын мәнінде этносаясатқа құзырлы органдар ғана жауап бермеуі керек. Алдағы міндеттерді табысты орындау үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Президенттің сөзінше, ұлтаралық қақтығыстар арандатушылардың ісі. Ондай пиғылдағы адамдарға аяушылық та болмауы керек. Қазір бірқатар өңірде этникалық топ өкілдерінде көші-қон феномені байқалады. Бұл олардың қазақстандық қоғамға толық интеграциялануына кедергі келтіруі мүмкін. Мұндай маңызды мәселелерді ашық талқылауымыз керек деді Мемлекет басшысы.

Саламат Омаш

Хабарламаларға жазылу