Қасым-Жомарт Тоқаев «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне барды

20.10.2021

Жезқазған тұрғындарын ауызсумен қамту мәселесі 1,5 жылда шешілуі керек. Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен облыс басшылығына осындай тапсырма берді. Сондай-ақ Жәйрем тау-кен байыту комбинаты жанынан салынған жаңа фабриканың ашылу сәтіне куә болып, Жошы хан кесенесі маңында бой көтерген кешенді аралап көрді. Мемлекет басшысының Қарағанды облысына сапарынан Альбина Әшімнің репортажы.

Жәйремдегі жаңа фабрика телекөпір режимінде іске қосылды. Қорғасын-мырыш өңдейтін еліміздегі ең ірі кәсіпорын болмақ. Фабрикада 400 адам жұмыс істейді. Құрылысына 190 млрд теңге жұмсалған. Оның 33-ін Қазақстан Даму Банкі несие ретінде бөлсе, қалған шығынды «Қазцинк» өз мойнына алған.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
Бұл қуаттылығы 5 млн тонна болатын қорғасын-мырыш кендерін өңдейтін автоматтандырылған байыту фабрикасы. Жайремдегі. Зауыт толық қуатына қосылған соң отандық нарықтың қажеттілігін қанағаттандырады.
Ал «Қазақмыс» компаниясының өкілдерімен президент өңірдің өзекті түйткілдерін талқылады. Өйткені бұл кәсіпорын аймақтың негізгі әлеуметтік серіктесіне айналған. Жезқазғандықтар ауыз суға зәру. Кеңгір қоймасындағы су нашар. Ал суды «Үйтас-Айдос» жер асты қоры арқылы жеткізу үшін желілерді қайта жаңғыртып, оған Қожамсейіт жер асты суын қосу керек. «Қазақмыс» жобаны жүзеге асыру үшін үкіметтен көмек сұрап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл – үлкен әлеуметтік проблема. Жолдауда да айттым, қазір Үкіметке осы мәселе бойынша тапсырма бердім. Облыс әкімімен де талқыладық. Үкімет пен әкімдік бірлесіп, ең көбі 1,5 жыл ішінде осы мәселені шешуі тиіс. Азаматтарымызды ауыз сумен қамту – міндетіміз. Сондықтан бұл мәселенің шешілуі мен жұмыс барысын өзім қатаң қадағалаймын.
Азық-түлік бағасы да сөз болды. Иә, қымбатшылық күллі әлемді қыспаққа алды. Дегенмен, Қазақстандағы баға саясатына экономикалық құрылым мен жүйе кері әсер еткен. Мұны президенттің өзі мойындап отыр. Ел қазынасынан ауыл шаруашылығына субсидия бөлініп жатыр, ал азық-түліктің басым бөлігі сыртқа кетеді.

Кездесуде білім беру, педагогтарды әзірлеу бойынша мәселелер де көтерілді. «Білім» демекші, жиын «Өркен» мектебінде өтті. 900 орынға шақталған білім ордасының жаңа ғимараты былтыр салынып біткен. Мектеп-интернат негізгі бағдарламадан бөлек, жаратылыстану және математикалық бағыт бойынша салалық білім береді. 4 спорт секциясы мен 6 үйірме ашылған. Мектепте ұлы Абайдың пәлсапасына да үлкен мән беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ғылым, білім деген өте маңызды. «Білімді мыңды жығады» дейді. Білім деген қазіргі аумалы-төкпелі заманда ең күшті, ең тиімді құрал болып табылады. Білімді болсаң, барлық қиындықтарды еңсересің. Міндетті түрде. Сондықтан біздің мемлекетіміздің үлгілі, лайықты, абыройлы азаматтары болыңдар. Еліміздің болашағы сендердің қолында!
Президент педагогтармен де тілдесті. Мемлекет басшысы күнде келе бермейді. Сондықтан жас ұстаз көңілі мен пейілін жеткізуге асықты.

«Өркен»-нің өзгешілігі – осы өлкетану сыныбы. Мұнда балалар Ұлытау өңірі мен Сарыарқаның тарихы, қасиетті орындары туралы оқиды.
 Иә, Сарыарқа даласы кезінде саяси оқиғалардың алқабы, Алтын Орданың кіндігі болды. Саяхаттауға тұрарлық кесенелер, қасиетті мекендер көп-ақ.
 Альбина Әшім, тілші:
Жезқазған маңайында басты 8 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Солардың ішінде Жошы хан кесенесінің орны ерек. Осы қасиетті мекенге тәу етіп келгендерге қолайлы болуы үшін алып кешен салынды. Оның аумағы – 2500 шаршы метр. Қонақүй, асхана қарастырылған. Ал жаздыгүні киізүйлер тігіліп, қонақтар осында тыныстап, түней алады.
 Ұлылар туған Ұлытау ауданына келгендер сапарын алдымен осы кешеннен бастайды деген жоспар бар. Сондықтан орталықтағы жәдігерлер мен көрме қазақ хандығы мен ұлттық құндылықтарға арналған. Жоба жетекшілері орталықты «Сарыарқаның цифрлық алқабы» деп атап кеткен. Өйткені көрменің әр бұрышында кеше мен бүгін ұтымды ұштастырылған.
Бауыржан Болатұлы, техникалық маман:
Жәдігердің өзі тұрады және бетінде арнайы анимациямен, сөзбен осы жәдігер туралы ақпаратты білуге болады. бұл жерде экскурсия жүргізудің қажеті жоқ. Қонақтар жәдігерлермен өздері танысуға мүмкіндік алады.
Балалар ойнап отырып, тарихпен таныса алады. Осы өңірдегі кесенелердің кескінен пазл жинап, салт-дәстүріміз бен ұлттық аспаптар жайлы роликтер көре алады. Ал Болған ана бейнесі кішіні де, үлкенді де таңқалдырары анық. Болған ана түрлі деректерде Жошы ханның қызы, не келіні деп беріледі. Қорымы 2 жыл бұрын зерттеле бастап, ішінен шыққан алтын кесе қалпына келтірілді. Өзге жәдігерлер арқасында гиперреализм техникасымен Болған ананың бейнесі жасалып шықты. Бұл әдіс елімізде тұңғыш рет қолданылған.

Кешен салу жөнінде әңгіме осыдан 2 жыл бұрын көтерілген. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауға сапарында Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін тиімді пайдалануды тапсырған еді. Өйткені ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде екенін көпшілік біле бермейді.
Альбина Әшім, тілші:
Кесенеге апарар жол бойында Жошы ханға арналған ескерткіш орнатылған. Тұғырымен қоса алғанда биіктігі – 5 метр. Салмағы – 4,5 тонна, таза қоладан құйылған. Ал жанындағы хан шатырда қонақтар тыныстап қана қоймайды, тарихқа да қанық бола алады. Ел арасында тарап кеткен аңыз бойынша ақсақ құлан шабуылынан Жошы ханның мерт болғанын домбырасымен жеткізген абыз Кетбұға күйшінің бейнесі. Көне оқиға жаңа тәсілмен сипатталады. Мына таққа отырғанда сенсор арқасында «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйі ойнатылады.
Алтын Орда негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау арқылы Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығына айналдыру көзделген. Кешен салынғанша жыл сайын 20 мың адам зиярат етсе, енді бұл сан 2-3 есе өседі деген үміт бар.
Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу