Ақтөбелік төбет асыраушылар жаңа заң жобасындағы ит төбелестіруге тыйым салу туралы нормаға қарсы. Айтуларынша, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасындағы ереже төбеттердің мықтылығын сынауға, шеберлігін бақылауға кедергі келтіреді. Әріптесім Жақсыбек Кемал ит асыраушылармен кездесіп, мәселенің мән-жайын білді.
Қазір елімізде таза қанды төбеттердің саны мыңға жетер-жетпес. Дегенмен, олардың санын көбейтіп, сапасын жақсарту жұмысымен айналысып жүрген азаматтар жоқ емес.
Жақсыбек Кемал, тілші:Бір итті бағу үшін айына шамамен 20 мың теңге шамасында қаржы керек. Ал, мынадай бір күшігі қанның тазалығына қарай 50 мыңнан миллион жарым теңге аралығында бағаланады екен.
Төбет асыраушылар ит төбелестіріп, пайда табуды көздемейміз дейді. Сынақ тек иттің мықтылығын анықтау үшін қажет. Айтуларынша, ол жерде мал дәрігерлері міндетті түрде болады.
Ақтөбелік Еркебұлан Мылтықбайұлы да қазақы төбет пен тазының тұқымын сақтап, көбейтуге өз үлесін қосып келеді. Иттердің күтіміне қаржысын аямайды. Тіпті олар үшін арнайы жай тұрғызған.
Еркебұлан Мылтықбайұлы, ит асыраушы:Төбетімізді, тазыларымызды дамытуымыз керек. Өзіміздің ұлттық спортымызға енгізуіміз қажет.
Алайда, табиғат жанашырлары ит төбелестіруді кәсіп қылатындардың да көп екенін алға тартып отыр. Сәйкесінше, бәс тігушілер де жетерлік. Ол жерде миллиондаған қаржының жүретіні де жасырын емес. Сондықтан алдағы уақытта заңды айналып өтуді көздейтіндер де табылуы әбден мүмкін.
Татьяна Острецова, «Қамқор» жануарларды қорғау қоғамы» ҚБ президентіИт төбелесіне рұқсат беруге болатын шығар. Бірақ белгілі бір дәрежеде шектеу болуы тиіс. Ең бастысы – жануарлар зардап шекпеуі керек. Бұл мәселені кинологтар мен басқа да мамандар бірлесіп шешкені жөн.
Ақтөбелік ит асыраушылар заң жобасына азын-аулақ өзгеріс енгізілгенін сұрап отыр. Яғни, тазы мен төбет асыраушыларға тестілеу сынақтарын өткізуге рұқсат берілсе дейді.
Жақсыбек Кемал