Биыл бірнеше ұлы тұлғаның мерейтойы аталып өтпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл бірнеше ұлы тұлғаның мерейтойы аталып өтпек

06.01.2014
Биыл бірнеше ұлы тұлғаның мерейтойы аталып өтпек
 
Биыл еліміздің мәдениет саласы жағымды жаңалықтарға толы болғалы тұр. 2014 жылы Қазақ елі үш бірдей мемлекетте мәдениет күндерін өткізіп, халықаралық шаралар ұйымдастырмақ.
 
Еларалық байланысты нығайтатын бұл шаралардың дайындығы қазірден басталып кетті. Сондай-ақ, биыл жер-жерде ұлтымыздың біртуар тұлғаларының мерейтойларын тойлау жоспарланып отыр.
 
«Астана Опера» театрының әртістері қызу дайындық үстінде. Өйткені, биылғы жылдың ұжымға артар жүгі аз болмайын деп тұр. Ақпан айында Алматыдан басталатын гастрольдік сапар Лондонның «Ковент-Гарден», Париждің «Гранд-опера», Нью-Йорктегі «Метрополитен» опера сахналарында жалғаспақ. Және жыл аяғына дейін театр сахнасында тоғыз бірдей қойылымның тұсауы кесілмек. 
 
Абзал Мухитдинов, «Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі:
Менің ойымша, ең керемет қойылым Вердидің «Аидасы» болатын шығар. Өйткені, музыкасы да керемет. Режиссері ең үздік режиссер. Декорацияны Ла Скаладан алып келді.
 
Сондай-ақ, биыл ұлтымыздың бірқатар ұлы перзенттерінің мерейтойлары тойланбақ. Балуан Шолақтың 150 жылдық, Санжар Аспандияров пен Жүсіпбек Аймауытовтың 125, Шәкен Айманов, Сәбира Майқанова, Сәттар Ерубаевтың 100 жылдық мерейтойлары жер-жерде аталып өтетін болады.
 
Өткен жылы әлемнің бес елінде Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Вьетнам, Австрия, Украина, Қытай, Италия жұрты қазақтың төл өнеріне таңдай қаққан еді сол жолы. Ал, биыл Қазақстанның мәдениет күндерін Америка Құрама штаттарында, Франция, Индонезияда өткізу жоспарланып отыр.
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу