Психолог: «Кальмар ойыны» баланың суицид жасауына себеп болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Психолог: «Кальмар ойыны» баланың суицид жасауына себеп болуы мүмкін

13.10.2021

«Кальмар ойыны» телехикаясы баланың суицид жасауына себепші болуы мүмкін. Мамандар осылай деп дабыл қағуда. Аз уақытта жер жаһанды жаулаған жобаның негізінде әлеуметтік желілерде squid game хэштегімен миллиардтаған клип тарап жатыр. Әсіресе оған мектеп балалары әуестеніп, қатігездікке итермелейтін әрекеттерді қайталап жүр. Телехикая қалайша мұншалықты танымал болды? Жасөспірімдер үшін расында қауіпті ме? Тілші Нұрхан Нұрланұлы айтсын.

Телехикая сюжетінде тығырыққа тірелген 456 адам 45 миллиард вон үшін 6 түрлі ойында бәске түседі. Бұл көрініс соның алғашқы кезеңі. Шартқа сәйкес, қатысушылар жасыл түс белгісі берілсе, межеге қарай ұмтылады. "Қызыл түс" айтылса, бір орында қатып қалуы тиіс. Ал қимылдаса ойыннан шығады.

Әлгі мектеп оқушыларының қайталап жүрген әрекеті дәл осы ойын. Қазір бүкіл әлем балалары бұл ойынды үзілісте ойнауды әдетке айналдырған.

Медина Әлжанова, оқушы:
Фильм бүкіл әлемге танымал болғандықтан, трендтен қалмау үшін көрдім. Ата-анам оған рұқсат берді. Телехикаядағы қызыл-жасыл түс ойыны қатты қызықтырды. Оны сыныптарыммен бірге күнде үзілісте ойнаймыз.
Руслан Нұртазин, мұғалім:
Ата-аналар айтады да, бұл дұрыс емес қараған деген сияқты. Мен ата-аналармен сөйлесемін ғой. Баласының аватаркасын көрем. Аватаркасында сол фильмнің сценасы тұр да. Егер ата-ана оны бақылай алса, қатты әсері жоқ сияқты.

 "Кальмар ойынының" үзінділері әлеуметтік желілерде көп таралып, қазір, яғни 27 күннің ішінде 110 миллионнан астам қаралым жинап, Netflix платформасында ең танымал жоба атанды.

Ал елімізде телехикаяның негізгі көрермендері Ақтөбе мен Маңғыстау облысында екен. Аталған өңірлер бойынша Google трендтегі көрсеткіш 97-ден 100 балға дейін жеткен.

Киносыншылардың айтуынша, фильмнің мұншалықты танымал болуы сценарийдің қарапайымдылығынан. Тіпті кей бөлімдерде сюжеттің қалай өрбитінін болжау қиын емес. Сондықтан, телехикая адам танымын өзгертпейді, керісінше агрессия туғызады.

 Жандос Құсайын, режиссер:
Сценариінде өте қарапайым, базалық деңгейдегі шешімдерге жүгінген. Себебі, қарапайым көрермендерді қамтуды тырысқан. Экшн, қан-жоса және фильм өте қатал. Меніңше, бұл өзі жаңағы рейтингі айтқандай, балаларға көруге тыйым салыну керек деп есептеймін. Бірақ, оны қандай жолдармен, қандай құралдармен іске асырады, оны мен білмеймін.

Жауыздыққа толы туындыны көрген бала оны өзі жасауға ұмтылуы мүмкін. Бұл енді психологтардың пікірі.

Себебі, телехикая сюжеті өшпенділік пен өтірікке, қатыгездік пен сатқындыққа толы. Ал фильмнің финиші мейірімділік барлығын жеңетінін жеткізгенімен, оған дейінгі қорқыныштар жүйкеге қатты әсер етеді.

Ұлмекен Сәндібекқызы, психолог:
Бұл жерде фильмнің басты мақсаты, қателессең – өлесің. Басқа мүмкіндік жоқ, шанс жоқ деп тұр. Ал бізде қателікке жол жоқ деген түсінік балада қалыптасатын болса, ол өте ауыр жағдайларға алып келуі мүмкін. 9 Балаға көрсетерде ол фильмді ата-ана өзі зерттеп, анықтап, ол фильмді көрсетуге мүмкіндік бар ма, жоқ па, барлығын қарастыру керек.

"Кальмар ойыны" сериалы балаларға қауіпті". Ұлыбритания ұстаздары қазір ата-аналарға осындай ескерту хат жіберіп жатыр. Олар ересектерді де интернеттен төнген қауіпке бірге қарсы тұруға шақырып отыр.

 Джон Джолли, Ұлыбритания ата-аналары комитетінің бас директоры:
 Ересектерге арналған телехикаяларды балаларға көрсетпеу керек. Ата-аналардың бұған өте мұқият болғаны абзал. Бұл тек аты-шулы дорамаға ғана емес, қатігездік пен анайылықты насихаттайтын бүкіл контентке қатысты айтылған әңгіме.

Ал Қазақстанда "Кальмар ойынын" көруге әзірге шектеу жоқ. Білім және ғылым министрлігі ата-аналар наразылық білдірсе ғана тыйым салу жолдары қарастырылатынын айтты.

Дегенмен, білім ошақтарында телехикая ашықтан ашық насихатталатын болса, онда тиісті органдар шара қолданады.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу