Субсидия беруде бюрократиялық кедергі көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Субсидия беруде бюрократиялық кедергі көп

11.10.2021

Батысқазақстандық шаруалар субсидия алуда қиындықтарға тап болды. Бірі жыл бойына млн-даған қаржысын ала алмай жүрсе, енді бірінің несиесі мерзімінде субсидияланбай, қолдаудан шет қалған. Биыл Президент жолдауда субсидиялау тәсілдерін қайта қарау керектігін айтып, оны жетілдіру жайлы Үкіметке тапсырма берді. Ал жергілікті атқарушы органдар мен шаруалардың бұған қосар ұсыныстары бар.

Бөкейордалық шаруалар субсидияға сенуден қалған. Өйткені мемлекеттен берілетін тиісті көмекті алудың машақаты көп.

Жасбуын Есләмов,  шаруа қожалығының басшысы:
Аналық малды сата алмайсың. Оған өлгеніне де акт жасауың керек. Далада өліп қалады, мыннан мал маманын алып барғанша, не сырғасы түсіп қалады, не өлігін жеп қояды. Соның кесірінен "мал басы түгел емес, сен сатып жібердің, 10 мың теңге алдың, кері қайыр" деген әңгіме болады.
Бибігүл Жұмағұлова, Бөкей ордасы аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры:
Көктемгі айларда берілуі керек. Себебі жазғы айда сол ақшаға мал азығын дайындап алу үшін. Жанармайларын алады, жем сатып алады. Олар келіп қазан, қараша айларында береді. Ол кезде жемнің разницасы тоннасы 20 мыңға дейін барады. Қымбатшылыққа ұрынады келіп қожалықтар.

Қаржы ұйымдары "6-4 пайызбен несие береміз, 10 пайызын мемлекет субсидиялайды" деп жарнамалайды. Бірақ демеуқаржы мерзімінде берілмейді. Өтей алмайтындар қолдаудан қағылады.

Мырзабай Боранбаев,  шаруа қожалығының басшысы:
Былтыр 65 бас қашар сатып алдым, әлі субсидиясын алған жоқпын. Менің ойымша, несие серіктестігі, Агро кредит корпорациясы, Казагрофинанс дейтіндер бар ғой, солардың бірі де керек емес. Агробанк болуы керек. Ұзақ мерзімге 2-4 % кредит берсе болды. Ал мынадай жеңілдік - өтірік жеңілдік.

Ал құзырлы орган құжат рәсімдеуге уақыт көп кететінін айтады. Субсидияның 50-ге жуық түрі бар. Қазір солардың ішіндегі асылтұқымды аналық басқа 150 мың теңгеден тиесілі демеуақы шаруаларға беріле бастаған.

Сатқан Өмірзақов,  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Қыркүйек айында қаржыны қайтадан төлей бастадық. Қазіргі таңда осы қожалықтарға қаржыландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ауыл-аймақта жем мәселесі де өткір тұр. Арпа-бидайды айтпағанда, құр кебектің құны да аспандап кеткен.

Тілеужан Ақуов, Саралжын ауылының тұрғыны:
Кебектің өзі 120 теңгеден, ал интернетте Өзбекстанда кебек 50 теңгеден сатылады дейді. Өзімізде шыққан өнім неге сол 50 теңгеге өзімізге сатылмасқа? Оған енді Үкімет бір шектеу қойып, сондай жағдай жасаса бізге.

Жаңақалалық шаруалар да құдық қазуға, техника алуға инвестициялық субсидияны ала алмай жүр. Бюрократиялық кедергі көп. Олардың мәселесі енді тек келер жылы шешімін таппақ.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу