Қостанай облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биылғы жылдың бірінші тоқсанында-ақ ұзын саны 20 цифрлық технология кабинеті ашылады. Соның алғашқысы Жітіқара ауданында жасақталды. №3 орта мектептегі сыныпты жабдықтауға іскер жандардың демеуімен 9 миллион теңге қаражат жұмсалды.
Орта білім беру саласында «Роботтық техника негіздері» пәні енгізілуде. Нәтижесінде құлтемір құрастыру бойынша түрлі деңгейдегі байқаулар жиі өткізіліп, өнертапқыш өрендер өзара ғылыми-техникалық идеяларымен алмасады. Енді мұндай мүмкіндікке жітіқаралық мектеп оқушылары да ие болып отыр.
Майра Бимағамбетова, Жітіқара аудандық білім беру бөлімінің басшысы:
Мұнда роботтық техника пән және үйірме ретінде де іске асырылатын болады. Сабақтан тыс оқушылар құлтемір құрастырудың қыр-сырын меңгереді. Әзірге, тек осы мектеп оқушылары келіп жүр. Келешекте өзге де білім беру мекемелерінің шәкірттерін тартып, оларды да роботтық техника негіздеріне баулитын боламыз.
Робототехника – бірқатар қиын техникалық пәндерді үйрететін ілім. Мұнда оқушылардың тек логикалық ойлау қабілеті жетіліп қана қоймай, математикалық, алгоритмдік, жалпы қабілеттері мен электронды сызбаларды түсіну, проблемаларды түрлі жолдармен шешу секілді басқа да зерттеушілік біліктіліктері дамиды.
Серік Сақанов, жоба үйлестірушісі:
Бұл кабинетте бір мезетте 12 оқушы жұмыс істей алады. Біз қазірден бастап роботтық техника саласын еркін меңгерсек, жаңа технологиялар көшіне ілесе аламыз.
Осылайша, жітіқаралық оқушылар қымбат қондырғылардың арқасында IT-технологияның қыр-сырын үйреніп, өздерінің алғашқы жобаларын жүзеге асырмақ ниетте.
Данияр СҰЛТАНҰЛЫ