Президент Дүниежүзілік кеден ұйымының бас хатшысын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Дүниежүзілік кеден ұйымының бас хатшысын қабылдады

06.10.2021

Қазақстан - Орта Азиядағы көшбасшы ел. Президент қабылдауында болған Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Кунио Микурия осылай деді. Ақордадағы кездесуде тараптар пандемия кезінде елімізде ұлттық экономика мен халықаралық сауданы қолдау жөніндегі кешенді шараларды талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстар қарқын ала түсетінін жеткізді. Ал Кунио Микурия Түркістан қаласындағы кедендік инфрақұрылым нысандарын аралағанын айтып, жаңа әуежайдың кедендік рәсімдеу процесін жоғары бағалады. Бас хатшы Қазақстандағы кеден саласының айтарлықтай жетістікке жеткенін де атап өтті. Сонымен қатар біздің елдегі электронды кедендік декларациялау рәсімі мен «бір терезе» қағидатын енгізу тәжірибесі Ұйымға мүше көптеген мемлекеттер үшін озық үлгі бола алатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіз - Қазақстанның жақсы досы әрі сенімді серіктесісіз. Ұйымның нығая түсуі үшін қосқан үлесіңізді бағалаймыз. Біз Дүниежүзілік Кеден ұйымының белсенді мүшесіміз, өзге де халықаралық конвенцияларға қосылдық. Ұйым аясында ортақ жұмысымыз көп. Қазақстан бұл ұйыммен әріптестігін жалғастыра бермек.
 Кунио Микурия, Дүниежүзілік кеден ұйымының бас хатшысы:
Сіз елдер арасындағы ынтымақтастықты бекіте түсуге үлкен мән бересіз. Оңтүстік жақтағы Өзбекстанмен шекараларыңызда болдым. Жаңа инфрақұрылым салынып жатқанын көрдім. Бұл сіздердің аймақтық интеграцияға деген ұмтылыстарыңызды білдіреді. Сіздің ел Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстіктібайланыстыратын аймақ ретінде кедендік әкімшіліктер үшін маңызды. Сондықтан әріптестігімізді бағалаймын.


Хабарламаларға жазылу