Қызылордада күріш қауызынан белсендірілген көмір алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада күріш қауызынан белсендірілген көмір алынады

12.12.2017

Күріш қауызынан белсендірілген көмір алуға болады. Мұны Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары дәлелдеді. Тың жаңалықты өндіріске енгізіп, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік бар. Себебі, өңірде жыл сайын өнім жиналғаннан кейін тонналаған кебек пен сабан пайдаға аспай, өртеледі. Сондықтан, оны кәдеге жарату – табыс көзі.

Күріштің қауызы әбден майдаланып, ұсақталады. Одан кейін арнайы пешке салынады. 100 минут қыздырылады. Содан қара ұнтақ дайын болды. Енді екінші процесс жүреді, қара ұнтақ арнайы қалыптарға салынып, арнайы формаға келтіріледі. Дәріханаларда сатылатын белсендірілген көмір таблеткасы осылай дайындалады.

Қарапайым ғана әдіс. Бірақ, өте тиімді. Дереккөздерге қарасақ, дүниежүзі бойынша жылына 200 миллион тонна күріш қалдығы жиналады. Ал күрішті аймақ - Сыр өңіріндегі мамандардың есебінше, бір жылда орта есеппен 40-50 мың тонна дәнді дақылдың қауызы өртеледі. Демек, облыста шикізат қоры жеткілікті. Сондықтан, оны кәдеге жаратуға мүмкіндік те мол. Әрі белсендірілген көмір өндірісіндегі шығынды біршама азайтады.

Нұрбол Аппазов, Инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі:

- Металлургияда металды кендерден бөліп алу үшін әдетте кокс пайдаланылады. Кокс -көмірдің және мұнайдың қалдықтарын өңдеу арқылы алынатын өнім болып табылады. Ол көптеген шығынды қажет етеді. Ал, біз қалдықты пайдаланатын болғандықтан, мейлінше шығын аз және экологиялық мәселені шешетін көмір алуды ұсынып отырмыз.

Күріш қауызынан алынған көмірді катализатор ретінде де пайдалануға болады. Яғни, оны  ауыспалы металлдардың нанобөлшектерімен біріктірсе, шығын азаяды. Жалпы, белсендірілген көмір металлургия, химия өнеркәсібі мен медицинада сұранысқа ие. Мұнай құрамындағы зиянды элементтерді де жоятын қасиеті бар.

Рақымжан Тұрманов, инженерлік бейіндегі зертхананың инженері:

- Мұнай өнімдерін сутектендіруге қолданамыз. Мұнай өнімдерінің құрамында ароматты қосылыстар көптеп кездеседі. Ол ароматты қосылыстар консерегенді болып табылады. Консерегенді дегеніміз - ісік ауруын тудырушы қасиетке ие. Сутектендіру арқылы осы ароматты қосылыстарды басқа қосылысқа айналдырып жібереміз.

Белсендірілген көмір түйіршектері орман ағаштарын өртеп, өңдеу арқылы әзірленетін. Егер Сыр ғалымдарының тың жаңалығы қолдау тапса, қоршаған ортаға келер зиян да азаяды. Тың жоба ғылым комитетінің қарауына ұсынылды.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу