Алматылық өнертапқыштар жанармай үнемдейтін құрылғы ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық өнертапқыштар жанармай үнемдейтін құрылғы ойлап тапты

22.11.2017

Алматылық өнертапқыштар автокөлікке арналған жанармай үнемдейтін құрылғы ойлап тапты. Олар тың аппаратты түрлі сынақтардан өткізіп, тиімділігіне көз жеткізген. Қозғалтқыштың қуатын арттыру арқылы жанармай үнемдегіш жабдыққа қазір көрші Ресейден де тапсырыстар түсіп жатыр. Өйткені, құрылғыны бензиннен бөлек, газ және дизельмен жүретін көліктерге де орнатуға болады.

Шоқан мен Тимур жаңа құрылғыны ойлап табуға 2 жыл тынбай еңбек етіпті. Олар мұны зауытта емес, үйлерінде құрастырады. Соған қарамастан, өнертапқыштар бір аппаратты жасауға 2 сағат уақыт жұмсайды. Үнемдегіш жабдықты былтыр жаз айынан бастап сынақтан өткізе бастаған.

Шоқан Оразаев, өнертапқыш:

- Шет елден ешбір бөлшегі әкелінбеген дүние. Көбінесе стартап дегенде шет елден әкеліп оның қорабын өзгертіп немесе бетіндегі жазуын өзгертіп, мен шығардым дейтіндер бар.

Аппарат өте қарапайым принциппен жұмыс істейді. Оны аккумуляторға қоссаңыз, көлікке қосымша күш береді. Бірақ, қораптың іші қалай жасалғанын өнертапқыштар жасырып қалды. Себебі, «идеямызды біреулер ұрлай ма», деп қауіптенеді. Өйткені, өнімді әлі патенттеп үлгермепті.

Тимур Тілеухан, өнертапқыш:

- Бұл құрылғының сапа сертификатын алдық. Яғни, көлікке ешқандай зияны жоқ деген анықтамамыз бар. Сондықтан, қолданып көруге қорықпау керек. Өйткені, біз бірнеше рет сынап, нәтижесінде 8-ші моделін ғана сатылымға шығарып жатырмыз.

Алматыда қазір жаңа құрылғыны 50-ге жуық көлік орнатып алған. Алғашқы қолданушылардың бірі Рахат Файзоллаұлы.  Ол күніне 70 шақырымдай жол жүреді. Оның айтуынша, аппаратты салғалы жанармай кететін қаржы шығыны азайған.

Рахат Файзоллаұлы, қала тұрғыны:

- Магистральды жолда келе жатқанда байқағаным, жанармай шамамен 12-ден 15 пайызға дейін үнемделетін сияқты. Соған байланысты сонша пайызға қуаты көбейеді деген сөз.

Қондырғыны өзімізден бөлек, көрші ресейлік жүргізушілер де  сатып алыпты. Мұны байқаған мәскеуліктер қызығушылық танытып, келесі аптада өнертапқыштармен кездеспекші. Енді қазақ жігіттері ойлап тапқан құрылғыны алушылармен келісімшарт жасап, сырт елдерде сатуды жоспарлап отыр.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу