Қазақстанға Қытайдан кіретін транзиттік жүк көлемі артқанымен, көрші елге жөнелтілетін пойыз саны қысқарған. Мамандардың сөзінше, мұны іргедегі көршіміз карантиндік шектеулермен байланыстырып отыр. Біздің түсіру тобы шекаралас аумақтағы станция мен құрлықтағы портта болып, жағдайды көзбен көріп қайтты.
Бұл «Құрлықтағы порттың» 18 мыңнан аса контейнерді сақтауға мүмкіндігі бар. Жүктер вагондарға осы жерде тиеліп, Еуропаға, Орталық Азияға, Парсы шығанағына және Каспий жағалауындағы елдерге жөнелтіледі.
Нұрлан Игембаев, «KTZ EXPRESS» AҚ басқарма төрағасы:8 айдың қортындысына қарасақ 712 мыңнан аса контейнерлар өтті. Олардың басты бағыты Қытайдан Еуропаға. 438 мыңнан аса контейнерлер өтті. Былтырғы жылмен салыстырсақ өсім 32 пайызды құрады.
Қытай тарапы соңғы екі-үш айда контейнерлік пойыздарды ғана қабылдай бастаған. Мұны індеттен бөлек Алашаңқай портында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен байланыстырады.Қазақстан талапқа сай контейнерлік тасымалға басымдық беріп отыр. Ал, күрделі жөндеу алдағы қарашада аяқталуы тиіс. Дей тұрғанмен, бұл шектеулер жүк тасымалын бәсеңдеткен жоқ. Осы жылдың 8 айында Достық-Алашаңқай және Алтынкөл-Қорғас стансаларындағы жүк тасымалы 14 миллион тоннадан асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға жоғары.
Қанат Көбесов, «ҚТЖ-жүк тасымалы» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары:Біз әр сейсенбі сайын таңғы тоғыз жарымда қытайлық әріптестерімізбен тұрақты онлайн жиын өткізіп жүрміз. Түйткілді мәселелерді бірге шешу үшін кәсіпкерлерді де қосылуға шақырамын.
Берік Ақшалов, «ҚТЖ-жүк тасымалы» ЖШС «Алматы бөлімшесі» филиалының директоры:Жыл басында Қытайға 14 пойыз жөнелтсек, қазір ол көрсеткіш 8 пойызға дейін төмендеп кетті. Біз өз тарапымыздан қолдан келетін тиісті шаралардың барлығын жасап жатырмыз.
Қазір Қазақстан үкіметі маңызды мәселені бақылауына алды. Жағдай тұрақталса, кәсіпкерлер үшін алыс-беріс бұрынғыдай жеңілдей түспек.
Қуан Нұрақын