Жылыжай салған бағбанға қолдау қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылыжай салған бағбанға қолдау қажет

29.09.2021

Елорда іргесіндегі Алтынсарин ауылында қызанақ өсіруді қолға алып, оны табыс көзіне айналдырған азамат тұрады. Былтыр ғана салынған жылыжайдан тонналап табиғи таза өнім алып үлгерген. Алайда, су жағынан таршылық көріп отыр. Кешеннің жанындағы 40 метрлік тереңдіктен бір тамшы су шықпайды. Кәсібіне қолбайлау болған қиындықтан қажыған жылыжай қожайынымен тілшіміз Ламбриан Топузидис жүздесті.

Абзал Оразымбетов жылыжайды зор құлшыныспен салғанын айтады. Агрономия саласында білімі бар азамат қызанақтың голландтық тұқымын 20 соттық жерге еккен болатын. Әр екі айда өнім пісіп жетіледі.

Ламбриан Топузидис, тілші:
Осы екі мың шаршы метр жерден 20 тоннадай қызанақты теріп жинауға болады. Қазір жартысынан көбі жиналып бітті. Алайда, жылыжай қожайынының айтуынша, проблема жоқ емес. Мысалы, сумен қамтамасыз ету және жарық беру жағынан проблема бар. 

Жылыжай ерте көктемнен бастап күздің аяғына дейін бас аяғы сегіз ай бойы үздіксіз өнім бере алады. Алайда, бұл кешеннің тұрақты жұмыс істеуі үшін қаражат құйып отыру қажет.

Абзал Оразымбетов, жылыжай қожайыны:
Сумен өте негізі биыл қиналдық. Суды сатып алдық. 

Биыл кейбір саудагерлер жылыжайға өз еркімен келіп өнімді алып кететін. Себебі, қызанақтың осы түрі әдемі әрі тәтті. Алайда, су мәселесі шешімін таппайынша, тұрақты өнім алып отыруға қиын болады. Жергілікті әкімдік бұл түйткілді бірлесіп түзетуге болатындығын айтты.

Кешен өндірісін қалтасы қалыңдау инвесторлар өз қамқорына алса екен дейді жылыжай қожайыны. Ең бастысы, бұл Қытай немесе Өзбекстаннан емес, өзіміздің таза отандық өнім. 

Ламбриан Топузидис

Хабарламаларға жазылу