Мемлекет басшысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VIII съезіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VIII съезіне қатысты

28.09.2021

Мемлекет пен бизнес арасындағы байланысты цифрландыру белсенді түрде жалғасуы керек. Бұл туралы Президент «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезінде айтты. Мемлекет басшысы бизнеске кедергі келтіретін тосқауылдарды жойып, заманауи кәсіпкерлік экожүйені қалыптастыруды міндеттеді.

Шағын және орта бизнесі қуатты елдің тұғыры берік. Қазақстан кәсіпкерлікті дамытуға барынша мүдделі екенін егемендіктің алғашқы жылдарынан бері айтып келеді. 5 жыл бұрын ішкі жалпы өнімдегі олардың үлесі 24 пайыз болса, қазір 32-ге жеткен. Шағын және орта бизнесте 3,5 миллион отандасымыз өз нәпақасын тауып жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүкіл әлемге тараған эпидемия былтырдан бері еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтірді. Қиын сәтте мемлекет бизнес саласына жан-жақты қолдау көрсетті. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 6,3 триллион теңге болатын дағдарысқа қарсы шаралардың 3 топтамасы жүзеге асырылды. 

Жиын барысында Президент үкімет пен бизнестің таяу уақытта атқаруға тиісті міндеттеріне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, елімізге жаңа реттеуші саясат қажет. Қатаң реттеу қағидатынан бизнестің іскерлік белсенділігін ынтыландыруға, өзін-өзі реттеуге көшу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Менің тапсырмам бойынша Парламент Мәжілісі «басынан бастап» реттеу жүйесіне негізделген заң жобасын енгізді. Оның басты қағидаттары: қазіргі екі талаптың орнына бір жаңасын енгізу, шектен тыс реттеуге жол бермеу үшін Түпкілікті міндетті талаптар реестрін жасау, жаңа реттеуші механизмді тәжірибеден өткізу үшін экспериментальді құқықтық режим тетіктерін енгізу. 

Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи кәсіпкерлік экожүйені қалыптастыруды міндеттеді. Яғни, бизнесті тікелей қолдау саясатын доғарып, оның орнына кәсіпкерлерді сапалы өзгерістер жасауға, тиімді және өнімді жұмыс істеуге ынталандыру шараларын жетілдіру керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкімет пен «Атамекен» бірлесіп, шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуі қажет. Жалпы шағын және орта бизнес санының өсуіне қарамастан, орташа компаниялар үлесінің төмен болуы – бұрынғы және әлі күнге дейін шешілмеген проблема. Дәл осы компаниялар мейлінше орнықты әрі бәсекеге қабілетті. Үкіметке «Атамекенмен» бірлесіп, жыл аяғына дейін Шағын және орта бизнесті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды тапсырамын.

Кәсіпкерлікпен айналысу оңай әрі түсінікті болуы шарт. Бұл миллиондаған адамдардың өмірін жеңілдетіп, экономикамыздың дамуына септігін тигізеді. Осы орайда жыл соңына дейін «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң қабылданбақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бизнестің маған жасаған өтініштері негізінде 2023 жылдан бастап еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем жасау жүйесін енгізу туралы шешім қабылдадым. Шағын және орта бизнеске түсетін жүктеме 34 пайыздан 25 пайызға дейін азаяды. Мұндай тәсілді өзін-өзі жұмыспен қамтитын және жеке кәсіпкерлерге қатысты да қолдану мүмкіндігін пысықтау қажет. Біз салық процесін басқаруды жеңілдетіп, кәсіпкерлік қызметтен барлық салықтар мен бюджеттен тыс төлемдерді қамтитын бірыңғай төлем жасау мүмкіндігін қарастырғанымыз жөн. 

Биыл шілдеден бастап салық төлеуді реттейтін Атамекен палатасының жүйесі іске қосылады. Офлайннан онлайға көшу жұмысы белсенді болмақ. Президент мемлекет пен бизнес арасындағы байланысты цифрландыру жұмысына екпін беруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Цифрлық дамудың маңызды бағыттарының бірі – жер учаскелері, құрылыстың негізгі жоспарлары, қолжетімді қуаттар, коммуникациялар және басқа да ақпаратты цифрландыру. Бұл – өндірістің негізгі факторлары. Онсыз бизнесті жүргізу мүмкін емес. /

Жаңа технологиялар білікті мамандарды қажет етеді. 10 жылдан кейін еңбек нарығындағы жұмысшылардың үштен бірі IT саласын жетік меңгерген болуы тиіс. Қазірдің өзінде Қазақстанда автоматтандыру себебінен жұмыс орындарының 52 пайызына қауіп төніп тұр. Мемлекет басшысы кадрларды әзірлеу үшін ұзақ мерзімді жоспарды түзуді тапсырды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу