Машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 24% өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 24% өсті

23.09.2021

Елордада машина жасаушылардың 9-шы форумы өтіп жатыр. Биылғы көрменің ерекшелігі онда дайын көліктермен бірге металл өңдеу тетіктерінің түр-түрі көрсетілді. 200-ге жуық көршілес және отандық компаниялар үш күн бойы өз өнімін таныстыратын болады. Тақырыпты тілшіміз Ламбриан Топузидис жалғастырады.

Бұл жолғы көрмеге келушілердің назарына ұсынылған дүние сан түрлі. Арнаулы машиналарға қажетті қосалқы бөлшектерден бастап, өздігінен дәнекерлейтін роботтар, тіпті электротехникаға дейін қойылған.

Ламбриан Топузидис, тілші: 
Бұл электромобиль. Тесла емес, бірақ зауыттар мен фабрикаларға өте қажетті құрал. Бұның жүк тасығыш көлемі үш тоннаға дейін. Сондықтан да осыған тапсырыс көптеп түседі. 

Электрқуаттың көмегімен қозғалатын көлік құралдары қазақстандық ферроқорытпа зауыттары мен тау-кен кәсіпорындарында көптеп пайдаланылады. Онымен, тіпті, әуежайларда да жүк тасымалдауға болады

Александр Мущинкин, көрмеге қатысушы: 
Біздің өнімге Қазақстан тарапынан сұраныс жоғары. Бірнеше жыл бойы осындағы өндірістермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз. Тұтынушылардың бізге деген сенімі бұрыннан қалыптасқан.

Машина жасау саласында импорттық әлеуетпен бірге экспорттық әлеует те біртіндеп дамып келеді. Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда құрастырылған 6 мыңға жуық жеңіл автокөлік Ресей, Өзбекстан, Беларусь елдеріне экспортталған. Ал жалпы өндіріс көлемі 24 пайызға өсіп, 1,4 триллион теңгені құрады. Теміржол машина жасау саласында 45, электротехникалық салада 25, тау-кен және мұнай-газ машина жасау саласында 11 пайызға өсті.

Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы: 
Он жылдың ішінде бірсыпыра компетенция біздің өндіріске қазір кіріп жатыр. Ол біріншіден біздің кәсіпкерлеріміз де соған ынталы қазір. Содан кейін бүгінгідей форумдар, бүгінгідей көрме соған әрине өзінің әсерін береді, мүмкіншілік береді.

Көрме үш күнге созылады. Отандық және шетелдік тауарөндірушілер бизнес-идеяларын алмасып, ортақ нарықты одан әрі кеңейтеді деген жоспар бар. 

Ламбриан Топузидис


Хабарламаларға жазылу