Саяси қуғын сүргін жылдарында Қазақстанда шамамен 54 мыңдай шаруашылық тәркіленген. Олардың басшылары мен отбасы мүшелері сотталып, қудалауға ұшырады.
Бұл туралы саяси қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық семинарда айтылды. Жиында әр өңірдегі комиссия мүшелері осыған дейін жүргізілген зерттеу жұмыстарын таныстырды. Мәселен, Ақмола облысындағы өкілдер мұрағат мәліметтеріне сәйкес, екі лагердің табылғанын атап өтті. Семинарда тарихшыларға зерттеудің алгоритмі түсіндірілді, қандай мәліметтерге баса назар аудару керектігі ескертілді. Мамандар алдағы уақытта барлық ақпараттарды біріктіретін ортақ база құрып, лагерлердің географиялық картасын әзірлеуді көздеп отыр. Қазір ғылыми зерттеу жұмыстарына өңір-өңірден 100-ден астам адам жұмылдырылған.
Наталья Калашникова, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі:
Әр өңірде құрылған арнайы комиссия құрамында ең білікті тарихшылар бар. Олар өз өңірінің тарихын жатқа біледі. Сондықтан бұл тапсырманы орындауға барлығы құлшына кірісті. Қанша лагер бар, қанша адам жазықсыз жапа шеккені туралы зерттеу аяқталған соң толық мәлімет беріледі. Бүгін де бірақ қызықты мәліметтер де естідік. Әлі де атқарылатын шаруа аз емес.
Раушан Сайлауқызы