Қазақстанда МиГ ұшақтарының сервистік орталығы ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда МиГ ұшақтарының сервистік орталығы ашылады

19.07.2017

Алдағы уақытта елімізде Ресейдің «МиГ» корпорациясы шығарған авиациялық техникаға қызмет көрсететін толыққанды сервистік орталық ашылады. Бұл туралы Мәскеу облысында өтіп жатқан халықаралық әуе-ғарыш салонында белгілі болды. Көрме аясында «Қазақстан инжиниринг» компаниясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Вадим Шақшақбаев пен «МиГ» корпорациясының бас директоры Илья Тарасенко тиісті келісімге қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Қазақстан аумағында бірқатар қосалқы бөлшектерді шығару және инженерлік-техникалық мамандарды даярлау ісі де қарастырылған. Мәскеу облысында өтіп жатқан халықаралық әуе салоны – әлемдегі ең ірі авиациялық форумдардың бірі. Оған 40-қа тарта мемлекеттен 700 компания қатысып жатыр. Шара кезінде түрлі ұшақтар мен тікұшақтардың көрмесі өтіп, мүдделі компаниялар өзара келіссөздер жүргізеді.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу