Кіші Талдыкөл жағасындағы жұмыстар уақытша тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кіші Талдыкөл жағасындағы жұмыстар уақытша тоқтатылды

20.09.2021

Экология министрлігі елорданың іргесіндегі Кіші Талдыкөлді қалдыруды ұсынып, оның жағасына топырақ төгу жұмысы уақытша тоқтатылатын болды. Кіші Талдыкөлдің төңірегіндегі дау былтырдан бері басылар емес. Жергілікті билік аумақты абаттандырып, құрылыс жүргізбек. Ал экологтар мен табиғат жанашырлары су айдынының арнасын тарылтпай, тұтас сақтап қалуды талап етуде.

Көлдің айналасында қазір құрылыс қарқынды. Жергілікті билік сулы-батпақты аумақтың 20 гектарын ғана қалдырып, осы маңайға тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салмақ. Себебі, Кіші Талдыкөлді көл деп санамайды. Ал экологтардың көбі олармен келіспейді.
Лаура Мәлікова, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:
Бұл тек қана бір көл емес қой, бұл көлдер жүйесі. 1995 жылдары осы көлге қатысты, жерасты суларға қатысты зерттеулер жүргізілген. Сол ғылыми зерттеулерде бұл көлдердің жер асты сулардан қоректенетіні дәлелденген. Сондықтан, бұл жерде көлді жауып тастап, үй салып, ертең ешқандай қауіпсіздік мәселесі туындамайды деген ол бос әңгіме.
Қалалық әкімдік болса, бұл жақтағы көлдердің бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ екенін алға тартып отыр. Сондықтан тек батпақты жерді абаттандыруды ғана көздейді.
Нұрлан Ұранхаев, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
Кіші Талдыкөл деген көл жоқ. Менің бұл туралы айтып жүргеніме екі жылдай уақыт болды. Осы жақтың байырғы тұрғындарымен де сөйлестім. Бұдан бөлек, 1976 жылы ғарыштан түсірілген сурет те бар. Ол жерде Талдыкөл көлі көрсетілген, бірақ оның айналасында ештеңе жоқ. Яғни, Кіші Талдыкөл деп отырғанымыз ағынды судың, атмосфералық жауын-шашынның жиналған орны.
Берік Көшербай, тілші:
Кіші Талдыкөл бойынша дау қыза түскен сәтте бұл жерге қоқиқаздар ұшып келген. Қазір осы құстардың кейбіреуін жағалауға өте жақын жерден көруге болады және қызыл кітапқа еңген құстарды тамашалау үшін осы жерге қала тұрғындары да көп келіп жатыр.
Кіші Талдыкөлдің тағдырына алаңдаулы белсенді топ су жағасына топырақ тасыған жүк көліктерін тоқтату үшін қобыз шертіп, шаман боп та киінді. Қоғамның назарын аудару үшін сенбілік және басқа да флешмобтар жиілеген. Ал таяуда өткен республикалық қоғамдық экологиялық кеңесте көлді зерттеу жұмыстарын қайта жүргізу қажеттілігі айтылды.

 Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу