Ордабасы ауданы шаруаларының қысқы мал азығы дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ордабасы ауданы шаруаларының қысқы мал азығы дайын

17.09.2021

Түркістан облысы Ордабасы ауданы шаруаларының қысқы мал азығы дайын. Қуаңшылықтан зардап шеккен олар биыл жем-шөп әзірлеу қамына ерте кірісті. Енді артығымен жиналған шөпті батыс өңірлерге және аймақтағы басқа аудандарға да жөнелтуде.

Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылындағы Жақсылық шаруа қожалығы биыл 300 гектар жерге жем-шөп пен жүгері еккен. Алғашқы екі орымда гектарына 350 түкке дейін жоңышқа алған. Биылғы қуаңшылыққа қарамастан шөптің шыққанына риза.

Серік Сахыпбек,  шаруа: 
 Биыл сәлі құрғақтау болып келді жыл. Дегенмен де өнім жаман болмады. Әйтеуір су сәл тапшылау болды. Гектарына 300-350 тюк жоңышқа алдық. Жоңышқаны біз мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға саттық.

Жалпы Ордабасы ауданында жайылымды қоспағанда 33 мың гектар суармалы жер бар. Оның жартысынан астамына жоңышқа егілген. Көптің көңіліне демеу боп отырғаны да осы.Әрі бұл дақыл суды аса қажет етпейді.

Керімбай Махатұлы,  кооператив директоры: 
Бұрын егетінбіз, мынау жерді тыңайтуға. Қазір енді шөп азығын дайындауда халықта көлемі көбейді жоңышқа егуден. Бұл жоңышқа өнімі суды аз тілейтіндіктен, келешекте бұдан да көбейтеміз ба деген жоспарымыз бар.

Ауданда бір қысқа 291 мың тонна мал азығы қажет болса, бүгінде 310 мың тонна дайын. Қолдағы жоңышқаның төрт түлікке жететінін жинап, қалғанын төмендеу бағамен басқа шаруашылықтарға сатуға көшкен.

Айнұр Ақбаева, тілші: 
Былтыр бумасы 400-500 теңгеден сатылған шөптің бағасы биыл 1500 теңгеге дейін қымбаттап кетті. Себебі өңірде қуаңшылылықтан шөп шықпай, шаруалар жем шөптен тарығып қалды. Қазір жоңышқа еккен ордабасылықтар шөптерін базарға шығармай ақ, егістіктің басынан саудалауда.

Ордабасылықтар қуаңшылықтан қысылған батыс өңірлеріне де шөп жөнелтіп үлгерді.

Қыдырбай Сейітқұл, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:
Біз жалпы Ордабасы ауданынан 110 тонна мал азығы Маңғыстау облысына жіберілді. Бірінші, екінші орым алыс жақын аудандарға кетті. Қалған осы үшінші, төртінші орым өзіміздің ауданның тұрғындарына төменгі бағада алуға жұмыс жасадық. Қазіргі жинақталған мал азығының барлығы ауданға толық қамтамасыз етіліп отыр.

Өңірдегі қуаңшылықтан қысылған Келес пен Сарыағаш аудандарының шаруаларына көршілес аудандардағы жайылым алқаптары ұсынылып, шабындық жерлер берілуде. Сондай-ақ, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы арзан бағамен 56 мың тонна жем сатып алу жоспарланып отыр.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу