Атырау-Астрахань: Күре жол құрылысына материал тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау-Астрахань: Күре жол құрылысына материал тапшы

17.09.2021

Атырау-Астрахань автомагистралінің құрылысы үш айға жуық уақыт тұралап қалды. Қазір, жұмыс қайта жанданды. Алайда, енді материал тапшы. 300 шақырым жердегі құрылыс барысын көріп қайтқан меншікті тілшіміз Жандос Темірғали тарқатсын.

Діттеген жеріне діңкелеп жететін жергілікті жұрттың жобадан күтері көп. 30 жылдан астам уақыт бірде-бір рет жөндеу көрмеген автомагистральдің 20 шақырымы төселіп бітті. Жылдар бойы жол азабын тартып келген тұрғындар енді Құрманғазы ауданынан шекараға дейін қиындықсыз жетеді.

Нәбидолла Керешев, Құрманғазы ауданының тұрғыны:
Жолдың азабын енді бұрын көрдік. Нашар болды өте. Ойқыш-ойқыш, шұңқыр кілең. Осы араларда қыста машиналар батып жатты ғой кезінде. Авариялар да болды. Мынау ашылғалы жақсы болды.
Індет күшейген тұста жол құрылысы ақсады. Еңбек күші шамамен 25 пайызға дейін азайды. Құрылысқа қажет шикізаттың бағасы ойлмаған жерден аспандап, қолды байлады. Мәселен, арматура 2 есеге, битум 2-3 есеге, ал, қиыршық тас 50 пайызға қымбаттаған. Тасымал жағы да қиындап кетті.
 Өмір Бюркук,  жол салушы мердігер компания басшысының орынбасары: 
Адам таба алмадық. Адамдар ауырып қалды. Келген адамдарымыз болмады. Сосын, машиналар таба алмадық. Оның үстіне материал қиын болды бізге. Материалдарымыз келеді. Бірақ, аз-аздан келеді. Сол жөнінде проблемалар болды.
Қазір жағдай біртіндеп реттеліп келеді. Жұмыс 5 учаскеде жүріп жатыр. 600-ге жуық адам еңбекке тартылды.
Әсет Оразғалиев, «ҚазАвтоЖол» ҰК Атырау облысы филиалы директорының орынбасары:
Материалдардың қымбаттауы орын алғандығы бүкіл еліміздегі жағдай. Оған байланысты мердігерлермен, басқа да жауапты мемлекеттік органдармен жиналыстар өткізілді. Талқылаулар болды. Жұмыстың баяулауы орын алды. Бүгінгі таңда сол қарқынды жеделдетуге және де жобаны уақытылы жүзеге асыруға жұмыстанып жатырмыз.
Жол сапасы халықаралық талаптарға сай болмақ. Жоба Ресеймен арадағы сауда саттықты дамытып,шекарадағы елді мекендердің қайта түлеуіне мүмкіндік береді. 277 шақырым жолды бастан аяқ қайта төсеу үшін 87 млрд-тай қаржы қаралып отыр. Жұмыс 2 жылдан соң аяқталмақ.Ал жыл соңына дейін 40 шақырым жол төселуі тиіс.
Жандос Темірғали, тілші:
Қажетті заттар әлі де кешеуілдеп келіп жатыр. Материалдар тапшы. Бірақ мердігер компания автомагистральді жыл соңына дейін тапсырамыз деп сөз беріп отыр. Егер уәде орындалмаса, жол салушы мекеме, нысанды уақытылы тапсыра алмағаны үшін ірі көлемде айыппұл арқалайды.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу