Президент Солтүстік Македонияның Сыртқы істер министрін қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Солтүстік Македонияның Сыртқы істер министрін қабылдады

10.09.2021

Халықаралық қоғамдастық Ауғанстаннан іргесін аулақ салмай, қолдау көрсетуі қажет. Солтүстік Македонияның Сыртқы істер министрімен кездесуде мемлекет басшысы осылай деп мәлімдеді. Қазақстанға ресми сапармен келген Буяр Османиге екі елдің өзара ынтымақтастығы үшін бұл сапардың маңызды екенін атап өтті. Тетовода коронавируспен ауырғандар емделетін ауруханада болған өртте қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Кездесуде Президент Ауғанстандағы ахуалға ерекше назар аударды. Әсіресе уақытша жаңа үкімет барлық этникалық топтың мүддесін құрметтейтініне үміт артатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі Ауғанстан үкіметі адам құқығын, әйелдер мен балалар құқығын қорғау жөніндегі міндеттемелерін орындап, халықаралық қауымдастықты жаһандық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретін терроризмнің, заңсыз есірткі айналымының таралуынан және басқа да қиындықтан қорғау үшін нақты шаралар қабылдайтынына үміт артамыз. Сонымен қатар Қазақстан үкіметі Ауғанстан үкіметімен конструктивті іскерлік байланыстар, әсіресе сауда және гуманитарлық ынтымақтастық саласында қатынас орнатуға дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанда тұратын қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Ол Буяр Османиге Қазақстан азаматтары мен этникалық қазақтарды өз отанына қайтару жөнінде қабылданған шешім туралы айтты. Ал Буяр Османи екі ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында бұл сапардың символдық мәніне тоқталды.

Буяр Османи, Солтүстік Македонияның Сыртқы істер министрі:
Менің Қазақстанға сапарым біздің мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты жаңа белеске шығарады деген сенімдемін. Біз екіжақты байланыстарды тереңдетуге және нығайтуға мүдделіміз.

Ақерке Бектас

Хабарламаларға жазылу