Отандық дәрі-дәрмекті өндіруге 14 миллион еуро бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық дәрі-дәрмекті өндіруге 14 миллион еуро бөлінеді

09.09.2021

Шымкенттегі «Химфарм» зауыты отандық дәрі-дәрмектің үлес салмағын арттыру үшін 14 миллион еуро инвестиция жұмсамақ. Соның нәтижесінде Президент Жолдауында айтылған фармацевтика өнімдері мен медициналық құрал жабдықтардың сұраныстағы көлемінің тең жартысын өзімізді өндіруге болады. Бүгін мегаполиске жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов денсаулық сақтау саласының қазіргі жағдайына қанықты.

Шымкентте медицинаның дамуына енді дәрігерлермен қоса кәсіпкерлер де атсалысуда. Соның арқасында құрал-жабдығы тапшы, ғимартының әбден тозығы жеткен қаладағы №2 емхана жаңа келбетке ие болды. Инвестор 60 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін медициналық мекемені замануи озық қондырғылармен жабдықтады. Гемодиализ орталығы жасақталды. Енді кейбір операциялардың өзі осында жасалады.

Бақытжан Позилов,  Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: 
Дәрігерлерді өз есебінен оқытады. УЗИ, рентген секілді қымбат тұратын құралдарды өз есебінен алады. Бүкіл медициналық қызметті бір жерден береді. Науқас бір есіктен кіріп бүкіл медициналық қызметті бір жерден алып кетеді. Бұл науқас үшін тиімді.

Мегаполистегі емханалардың 14-і ғана мемлекет меншігінде болса, қалған 25-і бизнеске сенімгерлік басқаруға берілген. Олардың қатарына енді стамотологиялық клиника да қосылады. Жалпы келесі жылдың соңына дейін жеке инветорлардың қаржысына тағы 12 емхана салынбақ.

«Химфарм» зауыты да биылдан бастап өндірісті еселеп, өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлауда. Бүгінде Қазақстанда шығарылатын дәрі дәрмектің үштен бірі осы кәсіпорынның үлесінде. Жалпы отандық фарм компаниялардың алдында елімізге қажет дәрі-дәрімектің тең жартысын жергілікті жерде өндіру міндеті тұр. Қазір бұл көрсеткіш небәрі 17 проценттің төңірегінде ғана.

Ералы Тоғжанов, ҚР Үкімет басшысының орынбасары: 
Нақты бұл жерде олар лаборатория салуға шешім қабылдап отыр. Ол міндетті түрде керек. Неге десең әрбір шығарылатын дәрі дәрмектің сапасы еуропалық стандартқа сәйкес келуі керек.

Вице -премьер сапар барысында сондай-ақ медициналық құрал- жабдықтар шығаратын кәсіпорынның да әлеуетімен танысты.

Бизнеспен әріптестіктің арқасында Шымкент қаласында биыл апатты мектептер жоқ. Үш ауысымдағы білім ұяларының саны 14-тен 9-ға қысқарды. Жеке инвесторлардың қаржысына биыл 19 жаңа білім ордасы салынды. Үкімет басшысының орынбасары осындай жекеменшік мектептердің біріне барып, артықшылықтарын көзбен көрді.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу