Ақтөбенің іргесіндегі үш елді мекеннің халқы қалаға жете алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбенің іргесіндегі үш елді мекеннің халқы қалаға жете алмай отыр

07.09.2021

Ақтөбенің іргесіндегі үш елді мекеннің халқы қалаға жете алмай, қиындық көруде. 10 мыңға жуық тұрғынның күні айналдырған екі автобусқа қарап қалған. Сабақ басталғалы әсіресе студенттердің қалаға қатынауы мұң болды дейді көпшілік. Мәселе қалай шешілмек? Жақсыбек Кемал анықтап көрді.
 Жақсыбек Кемал, тілші: 
Бұл елді мекеннің тұрғындары амалсыз осы үлкен жолдың бойына шығады. Автобус болмағасын такси қызметінің бағасы да шарықтап кеткен. Ал, студенттер кешке қарай ауылға жаяу келуге мәжбүр.
Пригородный ауылының өзінде 4 мыңдай халық тұрады. Осынша халыққа қызмет көрсететін екі ақ автобус бар. Облыс орталығына баратын жұрт оны сағаттап күтуге мәжбүр. Әсіресе, студенттерге қиын. Олар таңғы алтыдан жолға шығады. Автобусқа міне алмаса, 15 шақырым жердегі қалаға бару үшін таксиге 2-3 мың теңге төлейді.
Нәзира Әнуарқызы, ауыл тұрғыны: 
Кешкісін мүлдем келе алмай жатады. Амал жоқ, такси шақырады. Такси 3000-2500-ге алып келеді. Күнде-күнде ондай ақымен жүру қазіргі кезде өте қиын болып тұр.
Жол бойындағы Нокин, Украинка ауылдарында да дәл осындай жағдай. Тұрғындар бұған дейін аудан әкімдігіне бірнеше мәрте шағымданыпты. Алайда, нәтиже жоқ дейді.
Айнагүл Досжанова, ауыл тұрғыны: 
Біз трассаға шығамыз. Үлкен трасса, республикалық маңыздағы, ол жақта машиналар көп жүреді, жүк тасымалдайтын, одан да қорқамыз. Мынау өте қиын. Ситиге шейін келеді автобуспен, Ситиден бері қарай 15 шақырым жаяу жүреді балалар.
Ал, жауаптылардың айтуынша, он мың халқы бар үш елді мекендегі бұған дейін төрт автобус қатынапты. Соңғы бірнеше айда техникалар істен шыға бастаған. Әкімдік өкілдері алдымен мәселені зерделеп, сосын ғана автобус санын көбейтпек.
Аманбек Шалабаев, Алматы ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы: 
Қоғамдық автокөлік бойынша қалалық ЖКХ, автокөлік бөліміне хат жолдағанбыз. Оны бұрын даболған жайғдайларға орай плановый рейдтерге шығамыз, анықтау үшін. Егер интервал азайып кетсе, автобус саны азайып кеткен жағдайда қалалық ЖКХ-ға жеткізіп, қалпына келтіреді.
Қатынас қиындығы аздай, ауылдағы жалғыз поштаны да қалаға көшіру туралы шешім шыққан. Балалар мен жастарды айтпағанда енді еңкейген кәрінің де зейнетақы үшін қалаға сабылып, жол азабын тартатын түрі бар.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу